Ақиқатты толықтай қамту мен оны көрсетуге деген ұмтылыс өнердің әр-алуан түрінде түрліше жүзеге асқан еді. Музыкадағы соның ең жарқын көрінісінің бірі картиналық бейне феномені. Музыкалық әдебиеттің жеткілікті мөлшердегі көлеміне қарап картиналық бейне туралы айтқанда, тек қана «күй атасы Кетбұқадан» бастаған жөн.
Атап өтейік, музыкалық «көріністер» қандай да бір әрекетті, қозғалысты жеткізуге, яғни театрлық сахнаға ұқсастықты беретін көріністік-пластикалық бастауды жеткізуге бағытталған. Музыкалық картина деп үнімен тыңдарман бойында жеткілікті мөлшердегі нақты көзге көрінер-пластикалық, көзге көрінер-дыбыстық көріністерді беретін, өзіндік дербес көркем мәні бар, толыққанды және аяқталған туынды ретінде сипатталатын музыкалық шығарма. «Күй атасы Кебұғаның» Шыңғысханға тартқан күймен естіртуін білмейтін қазақ жоқ. Күй тартылғанда мың сан тұяқ дала төсін дүбірлетіп, делбені қоздыра еліктіргендей басталады. Домбыра шанағынан азынап өрген азалы үн Шыңғыс ханның еңсесін баса береді. Әуенің сарыны қаралы хабар жеткізгендей арқа жонын шымырлатады.
– Япырай! –дейді Шыңғыс хан.-Бұл не ғажап! Тап Жошы өлгендей жүрегімнің егіліп қоя бергені қалай! Істің шындығына көз жеткен Шыңғыс хан сол жерде екі иіні селкілдеп еңірейді.
«Күй түсінгенге –жыр, түсінбегеге –дыр» деп келетін халық мәтелі осындайда айтылса керек. Уақыттар жылжып осы уақытқа дейін ол күйлер бізге тарихи аңыз шығармалар болып жетті. Біз Кетбұқа мен Шыңғысханның күй арқылы сұқбатынан «картиналық» деген мәселені көріп тұрмыз. Тарихи шолу, «музыканың картиналығы» феноменінің түп-тамыры өткен заманға тартылатынын көрсетіп тұр. Көзге көрінер-пластикалық салыстырмалар тудыратындай музыкалық бейнелер жасауға деген ұмтылыс қай кезде де болған. «Әр халықтың музыкасы сол ұлттың болмысын аңғартады» — деген Әл-Фараби қағидасы да ұмытылып бара жатқандай.
Біз күйдің картиналығы дегенді көп жағдайда ұмыттық. Күйдің кодын ұғыну деген ол нейроэстетика. Тарихтың шыңырауынан, ұмытылған жадымыздың қатпарынан бұлқынып, осы өмірге күйдегі картиналық бейнені эпикалық кеңістікте қайта тірілткен даулескер күйші шығуы да мәдениеттегі заңды құбылыс еді. Өйткені дүние жаралғалы Тәңірдің назарында тұрған текті ел емес пе едік.
1980 жылдары тарих сахнасына көркемсуретті-колористік музыкалық материалдың жекелеген элементтерін айшықты біргей етіп беруге ұмтылған Секен Тұрысбек шықты. «Көңіл толқыны», «Боздақ», «Өкініш», «Балауса», «Аруана», «Ақжауын», «Ақжарма», «Дарабоз» , «Ұлы дала», Күлтеген» т,б дүркін дүркін күйлерін шығарды. Талай күйші бар ғой, бірақ Секеннің олардан несі артық деп сұрақтың қойылуы да заңды.
Күйдегі картиналық бейнелер дамуындағы жаңа кезеңдер С.Тұрысбек шығармашылығымен тығыз байланысты. Атап айтқанда шығармаларындағы айшықты суреттілікке назар аударып, оны суретші деп, ал оның музыкасын – «дыбыстық көркемсурет» деп толық айтуға болады. Оның шығармалары көзге көрінер бастаудың керемет дамығандығы туралы айтуға мүмкіндік береді. Секен күйлерінің көркемдік мұраты, оның рухы биік үдеден шыға алғандықтан халықтық шығармаға айналған.
Үйлестікті колоритті сезіну сол күйлерде консонанстарын жылы түр-түстік гаммаға жатқызсақ, ал диссонанстары – қоңыр салқын түстегі гаммаға жатқызылады. Секен романтик, ойшыл философ ретінде ладоүйлесімділік құралдарының бояулар ауысуын, сезінуді бере алатын және жарық ассоциацияларын тудыра алатын қабілетімен ерекше назар аударғаны белгілі. Мажордың айшықты әсері мен керісінше минордың көп жағдайда мұңлы әуезді ұштастырып қоңыр әуен алды. Физиологтар жүргізген тәжірибелік сынақтар кезінде жарық пен қараңғылық, – жоғары және төменгі дыбыстар арасындағы қатынас теңдігіне негізделетін.
Ол ұлттық домбырамен орындалғанда қоңыр үн болатын. Осы қоңыр үнді дәл ұстаған Секен Тұрысбек. Күй өнерінің ұлттық ерекшелігі де, күйдегі ұлттық кодымыз ол – қоңыр үн. Ұлттық бояу, ол – қазақ халқының өмір сүру кеңістігіне орай қалыптасқан табиғи этноболмысы. Күйдегі күмбірлеген қоңыр үн түркі табиғатынан ерекше өріспен туындаған бояу. Қоңыр үн саз-сарын реңкі ұлттық бояу десек, ол ұлтқа тән ерекшелікті де айқындайды. Сондықтан домбырадағы қоңыр үн ұлттық бояу ретінде – қазақтың жан-дүние құбылыстарындағы терең қабаттардың психикалық элементтерінің сезімдік көрінісі. Күйлерден төгілген белгілі шек пен фразаға тән ырғақтық пішіннен, ритмнен туындайтын нейрофизиологиялық әсерлер деген ғажап. Ұлттық бояу – қоңыр үнмен образ жасау, өмірдегі қайшылық-қиыншылықтарды шыншылдықпен бейнелеу, күй өнерінің ең құдіретті шарты. Себебі, ол сезімнен туған ерекше құбылыс. Сондықтан да Секен күйлерінің тілі – қоңыр үні, ұлттық бояу жанға жайлы, көңілге жылы тиіп, сенің бар болмысыңа құйылып, сіңіп кетіп жатады. Адам жүрегінің соққан ырғақымен қатар ұштасып, мұңын құштар сұлулықпен қатар өре біледі. Әр күйі ойдың тереңіне сүңгітіп жанның сан қырлы сырының ашылуына мүмкіндіктер туғызады. Мұндай күйлер адамдарды толғанысқа түсіріп, өмірдің мәні туралы ой толғанттырады.
Секен ойшыл. Оның көкіргенде түйілген қалың ой ерекше ырғақ мұңлы сезіммен күй болып төгілеп жатыр. Тыңдаған адамның сан қабат ми қыртысындағы ақпараттар нейроөрістеріне қозғау салып тітіркендеріп жібереді.
Егер бұрындары күйшілер табиғаттың, не жеке оқиғаның жекелеген құбылыс көріністерін нақты шынайылықпен қаз-қалпында беруге ұмтылған болса, соның нәтижесінде пайда болған картиналық бейне өз-өзімен қала берген. Ал С.Тұрысбек музыкалық картиналық бейне автордың ішкі жан-дүниесінде болып жатқан сезімдерімен астастырып тарихтың терең қойнауына сүңгітіп, қоса өргізіп эпикалық тыныс дарытады.
Музыкалық тембрлерді дәл осындай айшықты-колоритті етіп көрсету үшін де шебер орындаушы болу керек. Секен тек күйші композитр ғана емес, қағыстың небер үлгілерін терең меңгерген шебер орындаушы. «Тәтті мұң» ән-күй партитуралары, клавирлер, өлеңдер жинағы оның сан қырын көрсетеді. Дүлей дарын иесі Секенді тану үшін тұтас қарау керек.
Секен өзінің мұңлы қоңыр әуенімен, әуезділігінің сұлулығымен таңқалдыратын, және музыкалық «картиналардың» сәнді мағынасының пайда болғаны туралы айтуға мұрындық болған, әліде жаңа шығармаларын беріп келеді.
Күй деген сөз сезімдік балама берсе де, екініші көне түркілік баламасы көк, жаратушы. Ғарышпен табиғатты біріктіре алатын, өзінің шығармашылық жігерінің арқасында нақтылыны мәңгілік абсолют дәрежесіне дейін көтерген, социумөмірінде жүзеге асыратын медиатор-музыкант екенін ол толық көрсетті. Оның күйлері ұлттық код ретінде тыңдаушыны белсендіріп, тиісті жауап іздеуге мәжбүрлейді.
Өз күйлерінде ішкі сезім толғаныстары арқылы дүниеге экзистенциялдық көзқарас ерекшеліктерін қалыптастырып, дүниетаным мәселесіне қатысты мәдени-философиялық толғауларды жан тебірентер толқындар екенін көрсетті.
Оның шығармасын қазақ музыкасының «экзотикасының үлгісі» деп, тарихи-мәдени құндылығы жағынан музыкалық классикасымен теңдесе алатын құбылыс ретінде қабылдаған шетелдіктерде өте жоғары бағалады. Ойшылдық пен шерлі толғаныс Секен күйлерінің өзегі. Абай: «Уайым – ер қорғаны, есі барлық» – дейді. Күй арқылы шарұқ ұрған мазасыздық, күпті көңіл уайым да ойлылықтың көрінісі екен. Осы қасиетінің негізінде туған күйлер Секен шығармашылығының даралық сипатын танытады. Секен өзінің күйшілік өнерінде күй тілімен өмір құбылыстарын бейнелеуден гөрі, сол өмір туралы ой толғап, толғанысқа түскен жанның бейнесін анық танытады. Секенде уақыт пен кеңістік үлкен пәлсапалық мағынаға ие. Ол эпик, абыз күйші. Өмір туралы эпикалық ой-толғау Секен күйлерінің басты идеясы. Осыған орай Секенді күйші-философ деп атау да әбден орынды. Елге, жерге деген сүйіспеншілігімен, өмірдің өткені мен кеткенінің мән-мағынасын ұқтырып, ата –баба тарихындағы жеңісі мен жеңілісін, бүгінгісі мен болашағы туралы толғап сыр шертеді. С.Тұрысбектің күй өнері ондағы ой-толғаныстарды тану, оны зерделеу қазақ халқы үшін аса қажетті және өзін-өзі тануға деген мүмкіндігі мол құбылыс.
Қазақ күй өнеріндегі этноболмыс картиналығының ұлы көріністерінің классикасын бере білген Секен шын мәнінде феномен. Ол құлашы кең эпикалық абыз күйші. Қасиетті күйдің қоңыр сазымен әлемдік тұтастықты сезінуі, сонымен қатар дүниені тану және адамзат тіршілігінің негізі өмірдің мәні екенін ұғындырады. Қазақ күйін біртұтас мәдени рухани құбылыс ретінде парықтауға мүмкіндік берді.
Ештен кеш жақсы. Қазақ қазақ болып тұрғанда, ұрпақтан ұрпаққа үзбей жалғастырып жаңғыртушы Секенді бағалау, бұл күй құдіретін бағалау. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған Секен шығармашылығы бұл уақыт бағасы.
Бұл Секен ғой, Секен.
Жанарбек Берістен
Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің профессоры,
философия ғылымдарының кандидаты,
Халықаралық Тұран көркемөнер сыйлығының иегері
5 комментариев
Жаке керемет талдау, көп тыңдаушылардың ойын жаздың, құтты болсын, қолың дер көрмесін, қаламың ұшталаберсін!
Секеңнің күйлері Қазақ халқының жүрегінен мәңгілік орын тапқанын, тек музыка емес, тек күй емес ұлтымыздың философиясы десем артық болмайтын шығар!
Қазеке рахмет. біздің суретшілер оқысада көбі пікір жазбайды.
Жанарбек бауырым, нағыз өнертанушы екенсіз. Жазған соң осылай айызыңды қандырып жазу керек деймін. Мың жасаңыз.
Құрметті бауырым Жанарбек көп адамның ойын жаздың ,өнерің өрге жүзсін, қаламың ұштала берсін, жұмысыңда беделді бол!
Апайың Зейне
Жанарбек досым жортқанда жолың, жолдасың қыдыр болсын!
Әрдайым ұлтымыздың маңдайалды мәдени құбылыстарын қолдаушы да, жаратушыса да болып жүргеніңе риза боламын.