Turan-kz.ART халықаралық көркемөнер порталы

Портал туралы

admin_turanart

«turan-kz.art»  Халықаралық көркемөнер ақпараттық порталының Доктринасы

Бүгінгі өмір — ол өткен тарихтың, сол кездегі жобалар мен күрестің жемісі. Ал ертенгі өмір — бүгінгі уақыттың күрес нәтижесі болады. Сондықтан біздің міндетіміз: сын мен теория арқылы рухты көтеру. Біз сол рухани мұраттарды оятуға күш саламыз. Тұрандық өркениеттің тарихи мәдени динамикасы, ұзақ дамуда ұлттық мектептерге бөлшектеніп, енді қайта бірігудің қажеттілігін сезінуі керек.

Біздің миссиясымыз: Тұран өркениетін жаңғыртып, жаңа мәдениет жасау. Сол үшін ғарыштан ғана көрінетін,  диаметрі 94 метрлік «Торғай геоглифін» өзімізге таңба етіп алдық.

Уақыт деген құдайдың рухы. Оның құдіретін сезінгенде ғана рухани жаңғыру болады.

Белсенді көзқарастар арқылы өнердегі форма мен санаға сілкініс жасау үшін, барлық прогресшіл өнер қайраткерлері осы мақсатқа жұмылдыруы тиіс. Прогресшілдік пен рухани мұраны ұштастыратын,  біздің рухани және интелектуалдық потенциалымыз осы ақпараттық порталда көрінуі керек. Бір адамның идеясы мәдениет болмайды, оны топ жасайды. Мәдениет ешқашан өз өзінен дамымайды. Оны жасайтын рухы мықты, көзқарасы анық зиялы  суреткер ғана жасайды.

Сондықтан барлық өнер қайраткерлері үшін, осы  ақпараттық порталды ашып, өнердің бүгіні мен болашағын ойлаған азаматтардың барлығын осы ресурстың айналасына бірігіп, еркін ой мен парасатты пікір айтуға шақырамыз. Қазақ суретшілері мен интернет-тұтынушыларының басын қосып, жалпыұлттық ақпарат кеңістігін қалыптастырайық. Апта сайын порталдың тарауларында өнертанулық зерттеулер мен тұрақты талқылар жүргізіледі. «turan-kz.art»  порталының басқа интернет-ресурстардан ерекшелігі — мұнда Қазақстанның барлық аймақтарының өнер  өкілдері, сонымен қатар шет елдік өнер қайраткелері  бір тұтас қауымға айналып, өз ойларын ортаға салудың мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ портал арқылы елімізге танымал тұлғаларға барлығымыз сұрақ қойып, олардың ұлттық дәрежедегі интернет-конференциялар, мастер-класстар  өткізіп отырамыз. Өнер  жайлы «жарқ» еткен жаңалық, жағымды хабар, сын пікірді көпке жариялауға ден қоямыз. Біздің портал бейнелеу өнерінің әр саласындағы тың ақпарат, танымдық ойларды қозғауға бағытталып,  бүгінгі жаһандану дәуіріндегі қазақ өнерінің дамуына үлес қоспақ ниетте.

Сол құлшынысымызды қуатты іске айналдыруға, құрметті оқырман сіздердің де үлкен қолдауларыңыз керек! Сіз болып, біз болып, түркі өркениеті өнерінің қара шаңырақ иесі ретінде жаңа руханият мүддесінің биіктей беруіне қызмет етейік!

Құрметпен: «turan-kz.art»  редакциясы.