Turan-kz.ART халықаралық көркемөнер порталы
МақалаларӨнертануФото суретші

АҒЫНЫ ТЕРЕҢ ДАРИЯ

Суретші Әли Бақтыгереев

(Суретші Әли Бақтыгереевтің шығармашылығы хақында)

 1990 жылдардың басында студент болып келгеннен Әлимен араласып келем. Жоғыры курстың студенті болып оқып жүрген Әлидің ерекшелігі талантынан басқа өте білімді еді. Кез келген тақырыпта еркін көсіліп сөйлей алады. Әдебиет, дін, саясат, музыка, өнер  тақырыбында сарабдал сыншылығы адамгершілік, кісілік келбетімен тұтасып кеткен. Әжептәуір әншілігінің өзі бір төбе. Сезгір түйсігімен баспасөзді үнемі қадағалап отырады. Арманы асқақ  патриот,  қиуадан қиқу шықса отыра алмайтын  азамат.

Біз оқыған  кезең руханият саласындағы алсапыран кез еді. Шекра ашылып, біз білмеген рухани ақпараттары тасқыны ағылған уақыт. Рухани шөлдеп жүрген біздің жатаханаға кришнайтта, иогтарда, бахаистерде, софыларда, бақсы балгерлерде, сектанттарда,   әйтеу небір супермендер  қаптап келіп тұратын. Әңгіме қызу жүретін. Ақша жоқ, талонмен тамақ ішетін қиын кез. Небір студенттер оқуды тастап, кетіп жатқандар да көп болды. Соған қарамай бүгінгі белді суретші Тайнов Серік бар, бәріміз жазушы, филология ғылымының докторы, Әл-Фараби ҚҰУ профессоры  Аслан Жақсылықовтың дәрістерін сабақтан соң тыңдауға баратынбыз. Мистика, иога, суфизм, небір эзотерикалық тақырыбтарды  саралап дәріс беретін. Аслан ағай талайымыздың көкірек көзімізді ашты.

Сол оқу тоқу кезеңін артқа тастап 1994 жылы Әлекең «Абай; менің халқымның көзімен» атты монументалды кескіндемеден дипломды үздік қорғады.

1-үлгі.
1-үлгі.
2-үлгі.
2-үлгі.

Дипломның екі үлгісі бұл монументалды кескіндеме бітіруші жастар үшін үлкен оқулық. Айтар ойдың композициясының дәлдігі, әсіресе шебер жасалуымен кімді болса да таң қалдырады.  Абай өмір сүрген ортаның да, жыр сипатын да байқату, сонымен бірге ұлттық ұғым көріністері молдығымен, күрделі бейнелердің қазақ халқының өкілдерінің тұрмыс салты, этнографиялық дерек түсініктердің көркемдігі баурап аларлықтай өте әсерлі. Барлық теңеу, бейне, этнодеректердтен іріктеліп алынған. Көріп отырғаныңыздай, бұл жұмыстың үлкен еңбек екені, оның философиялық кеңдігі мен көркемдігі туралы айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын.(Эскиз жасау мәдениеті арнайы тақырыпта сөз етеміз). Тек суретші болам деген болашақ жастар үшін ұсынып отырмын.  Ол кезде біздің академия Орта азиядағы беделді оқу орыны болған. Қырғызда, Түркіменде, Қарақалпақта, Моңғолиядан да студенттер келіп оқитын. Қазір ол бедел жоқ. Әрі олар жеке сурет академияларын ашып даму жолынан түсіп кетті.

Әлиді академияға  оқытушы етіп қалдыру керек деген сөз басталып, турашыл, мінез-темпараменті ұнамады ма әйтеу ақыры қабылдамады. Әлекең бірден өзі бұрын оқыған көркемсурет колледжіне оқытушы болып барды. Содан бері тура 28 жыл болды жұмыс істеп жатыр. Көбі Әли суретші болып шығармашылықпен айналысып кететін шығар деп ойлаған. Бірақ ол асықпай осы оқытушылық жолды таңдады. Әлидің шәкірітіміз деп жоғары оқуға келгендер алыстан танып сәлем беріп жатады. Оның өзі бір ғанибет. Қазір суретші жастардың дені Әли мектебін бітірген. Мен білетін оқытушылардың ішінде Әли кісілік келбетімен, шығармашылық тұтастығымен, оқытушылық шеберлігімен, дүниетанымдық көзқарасымен, мінез-темпараментімен біргей тұлға. Қазақстандағы көркемсурет саласында Әлиге жетер суретші ұзтаз жоқ. Көп жерлерде жақсы ағайлар мен жақсы апайлар бар, бірақ жақсы білікті ұзтаздар жоқ. Оны Нұрбол Нұрахмет деген суретші «Жас алашқа» газетіне  сұхбат беріп, Т.Жүргенов өнер академиясында  5 жыл оқып түк үйретпеді  деп мойындаған. Яғни түйеқұс сияқты оқытушылар (не құс емес, не аң емес деген сияқты),  не суретші емес, не ғалым ұзтаз емес орта әлі көп. Әлиді көп суретшілер білмейді. Ал өнертанушылар аты жөнін естімеген де болуы мүмкін. Білгендері  педагог ретінде ғана қарайды.

Мен сыншы ретінде, жұрт айта алмаса да мықты екенін сезетін, Әли Бақтыгереев деген суретшінің поэтикалық әлемін таныстырып, талдап саралап өтпекпін. Асылында ол  ұзтаз бола жүріп, шеберлік, жаңашылдық, ізденіс жағынан белгілі бір өсу эволюциясын бастан кешірді.Әлемдік өнерде П.Пикассо, С.Дали, Г.Климт сияқты даңқты суретшілердің бәрі реализмнің мықты мектебінен өтіп, кейін жаңашылдығымен аттары шыққаны ескеріп, Әлидің де дипломдық жұмысын әдейі көрсетіп отырмын. Өйткені көкейде Әли қандай дәрежеге жетті деген сұрақ болатыны сөзсіз. Кейбір суретшілер диплом жұмыстарын өте күшті қорғап өнерде жоғалып кететіндер де болады.

Оқу бітірген соң 1994-2005 дейін ұзтаздық пен қоса көптеген тапсырыстармен жұмыс жасады. Заманның қиындығы талай таланттың өз дауысын, қарымын көлегейлеген уақыт еді. 2005 жылдан  кейін ғана шығармашылықтың алғашқы кезеңін  кәдуілгі профессионализмге ұмтылыстан бастады.  Мына көмірмен салған портреттер тіптен шедевр деуге болады. Қолтаңбасында мықты суретші ретінде өзін көрсеткісі келетін  бос күшену деген жоқ. Еркін қимылдаған. Графикалық портреттердің нағыз эталоны.  Ақиқат осы. Нағыз оқулықтарға көрсетіліп, музей қорына баратын жұмыстар. Арғы бергі қазақ графикасының тарихында  Ә.Қастеевтен бастап бүгінге дейін санамаласақ,  көмірмен салған портреттерде Әлиге жетер ешкім жоқ. Мойындауымыз керек. Анатомиялық тереңдік, көркем пластика,  штрихтар көркемдігі, жарық көлеңке, графикалық қуат, үлкен шеберлікпен орындалып  образды тірілтіп тұр. Әрқайсы жеке көркем шығарма. Ғажап шеберлік.

Мынау Құлағу ханның образы. Шыңғыс қағанның немересі, иран, арабия бағытында жаулаған атақты тарихи тұлға. Кекіл мен самайдан өрілген шаштың өзі түркілік құдіретін паш етіп тұр. Көрерменді толқытып, бей жай қалдырмастан  бірден есте қалады. Араб шейхтарына берген жауабы қандай. «Сендер бізді кафір дейтін шығарсыңдар, ал біз сендерді қорқақ дейміз. Бізді сендерді жазалауға құдай жіберді. Бүкіл әлем шығыстан батысқа дейін біздікі. Сендер ешқайда қашып құтыла алмайсыңдар»- деген Хулағу ғой. Не деген зор сөз. Сөзіне қарағаннан ақ кім екенін ұғыну керек. Портретке мінез керек. Суретшінің қиялдағы ойы көбіне ұқсату, елестету негізінде туатындық образ түсі суық, өткір көзді, жігерлі  етіп бейнеленген. Авторға бөтен болып қала берген нәрсенің барлығы көрерменге де бөтен. Суретші романтик адамның көзімен қарағандықтан романтикалық өрлік бейне образы типтелуге әкелген. Өз кейіпкерін образ дәрежесіне әбден жеткізген. Хулағу портреті аса үлкен қызығушылықпен сомдалған. Қарап тұрып қол соғасың.

«Құлағу хан». 2018ж. картон, көмір 120х160.
«Құлағу хан». 2018ж. картон, көмір 120х160.

Суретшілер портрет жанрын қиын жанр деп есептейді. Әсіресе, танымал және атақты адамдардың портреттерін салу оңай емес. Ешкім көркем бейненің орнын ауыстыра алмайды, сондықтан да, портретке деген қызығушылық өсе береді, сонымен қатар, суретшіге қойлатын талаптар да күшейе бермек. Қонаевтің портретін жасағанда тереңдік пен тиімділіктің маңызына ерекше назар аударған. Портреттің нақтылығында көз бет бет айналасы негізгі фокус ретінде мән беріліп төбе жағы жалпы сұлба ретінде сүйкеле салған. Ресми фотосурет үздік көмекші емес екенін түсінетін суретші өзінің кейіпкерін тиімділік элементін пайдалану әдісін дұрыс екенін білді.Осының өзі қандай әсерлі. Академиялық жаттандылықтан ада, Абай портретінде де натураның тереңіне үңілген, мінезді ашқан. Суретші жеке тұлғаның бар болмысын танып, оны сәтті аша алған. Штрихтардың берілуі өте әсерлі. Керемет шеберлік. Өйткені шеберліксіз, көркем образсыз жаңалықта, шығармада болмайды.

«Қонаев» 2018. картон, көмір 120х160.
«Қонаев» 2018. картон, көмір 120х160.
«Абай» 2018. картон,көмір 120х160.
«Абай» 2018. картон,көмір 120х160.

Әлекең шығарма жазарда көп зерттеп, көп толғанып,терең ойланып, сабырмен парықтап, көкейкесті ойларын образбен шыңдап барып жұмыс істейді. Сыншылар айтатын «ішкі дүниеге үңілуі» терең суреткер. Біреуге ұнап, біруге ұнамаса да оның шығармашылық зертханасы осылай. Сондықтан аз жазса да саз жазуға тырысады.
Шығармашылығының алғашқы кезеңдерінде ұлттық көркем ойдың да, байырғы машықтардың арасында қалып қоймай жанрлық-стильдік ізденісті батыл игеруден бастаған. Күрделі жаңа сапалық деңгейге жету үшін тың жол іздеді. Өйткені бұндай көп фигуралы композицияны типтендіруге оның шеберлігі де сай еді. «Ауылда» атты диптихы сол бағыттағы жемісті шығармаларының бірі.

Ауылда. 1 (диптих) «Дастархан басында». 2017. к.мб. 114х114.
Ауылда. 1 (диптих) «Дастархан басында». 2017. к.мб. 114х114.
Ауылда. 2 (диптих) «Ошақ басында». 2017. к.мб. 114х114.
Ауылда. 2 (диптих) «Ошақ басында». 2017. к.мб. 114х114.

Ауылда өске әр адамға бұл көрініс өмір тіршілігі, тұрмысы өте нанымды екені талас туғызбайды. Ешбір артық бейне, не орынсыз қимыл мұнда жоқ. Біздің аға буын суретшілерде, қазірде көп фигуралы композициядан қашқақтайтыны рас. Әли тап осы жерде, алып отырған обьектіні көрсетерде өз мүмкіндігін толық көрсеткен. Яғни басқа суретшілерге қарағанда көп фигуралы композициямен бейнелеу өнеріндегі тосын проблематиканы шешіп отыр.Осы тосын шешімнің өзі даусыз жетістік. Былай қарағанда бәріміз көріп жүрген ауыл адамдары сияқты болғанмен, ол ауыл болмысын басқамыздан өзгешелеу түйсініп, типтендіргенен туған шығарма.

Әбілқайыр хан. 2016. к.мб. 150х100.
Әбілқайыр хан. 2016. к.мб. 150х100.

Әлидің өте салмақты жұмыстарының бірі Әбілхайыр хан бейнесі. Хан салтанатын әспеттеуде тосын көркемдіктерге барған.Ұлттық харектер мен ханның идеялық -психологиялық образын, бар бояумен көркемдеп даралаған.
Суретші Әбілхайыр хан образын ерекше ықласпен жазғаны байқалады. Қазақ хандығының рәміздік көріністері, киім –кешегі, этнографиялық бұйымдары, бәрі әбден зерттеліп, шебер суреттеліп көрсетілген. Бұл шығарма бұдан бұрын суретшілер жасалған көптеген хандар бейнесінің ешқайсына ұқсамайды. Әли осы Әбілхайыр хан бейнесімен тарихи портреттердің көркемдік аясын кеңейті. Алғаш бұл шығарма «Ұлық Ұлыс-Алтын орда» альбомында жарияланып көпшіліктің жоғары бағасын алды.
Ә.Бақтыгереев шығармашылығының жоғары өрлеуі жаңашылдық кезеңі 2015 жылдан басталып қазір шарықтау үстінде.
«Сарын» бұл Әли шығармашылығының жаңашылдық кезеңінің прологы іспетті. Сарын атауы айтқандай музыкалық эпикаға құрылған. Тақырып аясы өте кең. Бірінші планда Қозы Көрпеш Баян сұлу көрінісі тәрізді оқиға бейнеленген. Жауынгердің басын ұстап отырған қалыңдықтың жоқтауын кішкене шырылдаған аққұс пен бейнелеген. Ортаңғы пландағы қобыз аңыратқан жырау үстелеп әуез қосып тұр. Екінші пландағы бақыс қыздың сыбызғысы да тылсымдықта тартқан. Қазақ тарихының мистикалық тылсым таңбалары бұқа, күн басты бейне, көкбөрі де фантастикалық тылсым бейне тәрізді құпиялық қасиетті күшейтіп тұр. Композиция өте шымыр. Тарихи мәдени ақпараттар мол қамтылып картинаның мазмұнын көтеріп тұр.

«Сарын». 2015. к .мб. 144,5 х145.
«Сарын». 2015. к .мб. 144,5 х145.

Әли шығармашылығының жаңашылдық кезеңіндегі екінші ірі жұмысы. Шығарма сақ дәуіріне арналған. «Сары үн» жұмысы көркем ойдың тереңдігімен, тарихи фольклористік жинақтаудың кеңдігімен, эпикалық тынысымен ерекше. Бірінші планда Алтын киімді сақ жауынгері және сәукеле киген қалаңдық отыр. Ортада арқар мүйізді сақ патшасы. Ежелгі гректердің түп төркін түркі мәдениетімен тамырлас екені белгілі. Грек мифологиясында Гераклге Зевс құдай архар мүйізімен көрінген. Сол тылсым мистика картинада ерекше әсермен көрсетілген. Артқы планда Берелдің алтын мүйізді жалқысы бейнелеген. Тарихи дәуірді бейнелгенде әр суретшінің өзінің шешетін проблемалары болады. Артқы планды, әсіресе көк аспанды автор мистикаға тіреу үшін фантастикалық, сюрреалистік тылсым бейнелермен әсерлеп көрсетеді. Бүкіл композиция тылсым ендікке кіріп кетеді.Осыдан барып суретшінің көркемдік көзқарасы, тәсілді пайдалану мәнері танылады. Бұл жерде суретшінің авторлық мақсаты музыкалық эпикалық әуенге орау. Әлидің шеберлігін танытатын тәсілдің негізгі түйін де осы.

«Сары Үн».2017. к , мб. 80 х100.
«Сары Үн».2017. к , мб. 80 х100.
Жаназа.2019.к.м,б. 150х250.

«Жаназа» туындысы бұл Әлидің даңқын көтерген аса көлемді эпикалық кесек туынды. Нағыз музей төрінен алатын қазіргі заман кескіндемесінің жаңашыл жетістігі. Қазақ кескіндемесінде картинаның музыкалығын көбі колорит арқылы шешсе, Әли образ бейнелермен шешкен. Бұл үлкен оркестрге арналған симфония тәрізді. Айтқысы келген ойда, көрсеткісі келген тарихи этнографиялық бейнелерде көп. Суретте картинаны тұтастай ыждағатпен қарайтын тұстар жетіп артылады. Суретші үшін көрерменнің назарын ұстай білу өте маңызды. Осылайша, суретші көрерменнің назарын артқа, суреттің орта тұсына аудара алған. Көп фигуралы композицияның әр бейнесінде тылсым образдар бар. Мифтік фольклоризм санадағы ағын, ой ағыны ретінде ғажап әуенге толы. Эпостық қуат деген аста төк. Бұл жерде өте жоғары мәдениет, терең талғам мен суретшінің дүниетанымдық өресі тұр. Ракурстардың қуаты, арасында қиял ғажайып бейнелерді де кірістерген де, тылсым әлем әуені пайда болған. Айырықша көркемдік шеберлігімен қоса тарихи дерекнамаларды саралап, барынша көркем етіп беру шеберлігін ерекше атап айтуымыз керек. Ә.Бақтыгереевтің «Жаназа» туындысы авторлық ойдың аса тереңдігімен, көркемдік ойды жинақтаудың кеңдігімен, эпикалық тынысының құлашымен, көп фигуралы композицияны тылсым музыкалық әуенге бағындыруымен құнды. Бұл үлкен жаңалық әрі шедевр жұмыс.
Айтып –айтып келгенде, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні — Әлиді көбі талантын көріп тұрса да айта алмайтындықтан, мақала атауын «Ағыны терең дария» деп атау себебім де осы еді. Бүгін жер ортасы жасқа келген Әли шет елде ұзтаз болса баяғыда профессор болып, үлкен академияларда сабақ берер еді. Біздің Қазақстанның Сурет сала алмайтындардың одағына айналып кеткен қоғамдық бірлестік бір шеберханаға беруге өрелері жетерме екен десеңші.
Өнер деген аламанда ұшқыр аттай талай жүйірік суырылып шығып, бір жарық етіп, жоғалып жатқанда, екінші тынысы ашылған тұлпар Әлидің алатын асуы алда. Өйткені туған өнер алдындағы жауапкершілікті терең сезінетін терең білім, эрудиция, бүгінгі көркемөнер мәдениеті талап етітін сипаттар оның бойында бар.
Ә.Бақтыгереев — қазіргі қазақ бейнелеу өнерінің алдыңғы сапында тұрған үлкен талант. Шығармашылық тұлға дегенді осындайда айтамыз. Құпияларды ақтарып, таусылы ізденген, өмірдің сұлулығын, жарығы мен түнегін, арманы мен зарын көрсетуге деген беймаза іңкәрлік бар. Жоғары келтірген мысалдар, талдаулар оның суреткерлік толысу кезеңнен өтіп тұлғаланған, шығармашылық өзіндік биікке самғап бара жатқан Халықаралық Тұран көркемөнер сыйлығының иегері, кескіндемеші, график, қазақ бейнелеу өнерінің жаңа парағын ашқан, өнер деген киелі тұғырдан өз орынын ойып тұрып алған Әлиді көреміз. Жанрлық-стильдік ізденістермен батыл жұмыс жасаған Ә.Бақтыгереев, шығармашылығындағы жаңашылдық бағыты арқылы, қазақ бейнелеу өнерін ілгерлетті. Ақиқат осы.

Жанарбек Берістен
Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің профессоры,
философия ғылымдарының кандидаты,
Халықаралық Тұран көркемөнер сыйлығының иегері

Related posts

Этрускандардың әртүрлі жерлеу урналары.

Turanart

«ХАС ӨНЕР ҒАРЫШТАН КЕЛЕДI»

Turanart

Суретші хақында және шығармашылығы жайлы сыр

admin_turanart

Leave a Comment