Turan-kz.ART халықаралық көркемөнер порталы
Өнертану

ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІК БУЫНЫ – АЛТЫН БУЫН

 

Austria, Vienn, «Alt&Noe kazakhishe kunst», 1995(суретте М.Горбачев, Ш.Айтматов, М.Шаханов, Қ.Ибрагимов.)

 

ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІК  БУЫНЫ  – АЛТЫН  БУЫН

Жанарбек Беристен, Профессор, философия ғылымдарының кандидаты. Халықаралық «Тұран» көркемөнер сыйлығының лауреаты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ


Қазақ бейнелеу өнерінің кешегісі мен бүгінгісінің ара салмағын оймен таразылағанда, дәрежесі мен деңгейі әлемдік өнерде өз орына бар деп қуаныш сезіммен айта аламыз. Осы уақытқа дейінгі жазылған өнер тарихын шын мәніндегі тарих ретінде қарау жеткіліксіз, ол әлі замана биігінен қайта қаралуы тиіс мұра. Қазақ елінің тәуелсіздігі бұрынғы қажетті мұрасын қайта қалпына келтіру мүмкіндігін туғызды. Соның нәтижесінде өнерді жаңаша бағамдауға тура келеді.       Көркемөнер атты рухани реальдық құбылыс көп жағдайда стильдер арқылы бағаланады. Солай бола бермек те. Өнердің ілгерлігі де, іргелігі де осы өлшеммен таразыланады. Бұл жәй ғана масаттану емес, көркемдік даму эволюциясын басынан өткерген күрделі шығармашылық үрдіс.

Бұған  өнеріміздің даму қарқыны, кәсіби маман суретшілердің өсу, кемелдену эволюциясын талдау қажеттілігі анық сезіледі. Бүгінгі қазақ өнері әлемдік ортада өзіндік ерекшелігімен, стильдік байлығымен  иық теңестіре алады. Бұл мәселе осы уақытқа дейін сөз болмаған және болашақта талқылаудың жаңа нысаны ретінде саралану керек.

Қазақ халқының заманауй бейнелеу өнерін тереңінен тану үшін өткен заманымыздың тыныс тіршілігі мен өнеріне әр уақыттың буындары, топталған таланттары тұрғысынан  терең назар аудару қажет. Әр өнер адамы өзінің тума болмыстық табиғатқа жарасымды мінезімен өзінің дара ерекшелігін өз шығармашылық әлемінде айқындайды. Ал көпшілік сол ортаның қоғамның дүниетанымдық көзқарасын, эстетикасын айқындайды.  Эстетикалық үкім – адамның дүниеге және өзіне деген объективті түрде дамып келе жатқан қатынасын жалпылау және түсіну негізінде жасалатын тұжырым.

Тарихқа көз салсақ Қазақстан бейнелеу өнерінің салаларының шеберлігін меңгеру жолында алғашқы қадамдары 1920-1930 жылдарда көзге көріне бастады. Осы жылдары алғашқы қадамдарын жасап, Қазақстан  қалаларында  көркемөнер  студиялары  құрыла бастады.  Табиғатына,  мәдениетіне  қызығушылық  танытқан  сырттан  келген  суретшілер  мен  жергілікті  суретшілер  көрмелер  өткізілді.

1930 – 1940  жылдары Қазақстандағы бейнелеу өнерін  жан-жақты  дамыту  қарқыны күшейе түсіп, осыдан кейінгі кәсіби бейнелеу өнерінің шығармашылық  дамуының  жүзеге асуына  негіз  болған  ұйымдастыру  базасы  қаланып,  Ә.Қастеев, Ә.Ысмайылов, Н. Крутильников, Б.Сәрсенбаев,  ағайынды Құлахмет және Қожахмет Қожықовтар, сияқты есімдері мен еңбектері қазақ бейнелеу қорын толықтырды. Кейін Қазақстан бейнелеу өнеріне К. Баранов, Е.Говорова, Л.Леонтьев, В. Антощенко-Оленев,    Ю. Мингазитдинов, Ш. Кенжебаев сынды есімдерімен толығып және мектептердің ірге тасының қалана бастағандағы белгілі. Қазақтар үшін жаңа болып табылатын өнердің түрінде ұлттық дүниетаным мен ұлттық рухты мәнерлеудің дәлме-дәл факторы Ә.Қастеев шығармашылығына тән. Қазақтар үшін жаңа болып табылатын көркем көрініс әдісінің шеңберінде, яғни кенепке майлы бояумен салынған кескіндеме технологиясында, реализмді нақты образында қабылдау стилистикасында ол ұлттық дүние-танымның іргелі концепциялары мен координаталарын нақты көрсете алды.

Өткен  ғасырдың  1950-1960  жылдар   аралығында  Қазақстан  бейнелеу өнеріне  жаңа  серпін  әкелген  алғашқы  кәсіби  қазақ  суретшілерінің  мол  шоғыры  келді.  Бұлар – жастық шақтары  Социализмнің  аласапыраны  мен  Ұлы  Отан  соғысының  ауыртпалығынан өткен  Қ.Телжанов, К.Наурызбаев, С.Мәмбеев, М.Кенбаев, К.Шаяхметов, А.Ғалымбаева, Г.Исмайлова, С.Романов, Н.Нұрмұхаммедов, Н.Гаев, Б.Пак, Ү.Әжиев, Е.Сидоркин,  А.Школьный, А.Степанов, Ж.Шарденов, М.Лизогуб,  О. Кужеленко, Б.Түлеков, Б.Орманшы, А.Черкассский, Ә.Хайдаров  сияқты  алыптар  тобы.

1950-1960 жылдардан бастап «Ұлттық мектеп» мәселесі сәулетшілер арасында өте маңызды тақырып болды. Ол өз кезегінде кескіндемеге әсер етті. «Ұлттық қаланың образын» іздестіру өзіне тән ұлттық пішіні бар  өзіндік сәулет өнеріне деген қажеттілік өткір сезілді. Ұлттық сәулет ұлттық кескіндемеге әсер етуші фактор болды. 1970 жылдары кемелдеген социализм аталған кезеңді қазақстан суетшілер одағының төрағасы болған Сабыр Мәмбеев «Творчество» журналында айтқандай « ескі дәстүрлер, таным, ою өрнек өнерінің жолын ұстаушылық өте күшті болды» деп әділін айтты[1].

Сол кезеңдегі суретшілер өзіндік ұлттық эстетикасын жасап және оның дамуының тарихи көкжиектерін  кеңейтті. Осы кезеңде ұлттық көркемөнерлік ойдың жеңісі аймақтық дәстүрді үйлесімді де жан жақты талдай отырып, орта азияда ұлттық бейнелеу өнерінің мектептері толық қалыптасып үлгерді. Жаңа буын өнеріндегі кескіндеменің формалды құрылымында бірқатар өзгерістер болып жатты. Көзге көрінетін шындық дүниетанымның ракурсына сәйкес тек белгілі эмоционалды-психологиялық негізде ғана емес, сондай-ақ стилистикалық аспектіде де өзгереді және формалды құрылымда пластикалық түрін таба отырып, сезімді білдірудің шарықтау шегі мен ой түбіне батуға дейін жетеді. Құндылықтар мен белгілердің дәстүрлі өлшемі, ұлттық сананың архетиптері шындықты қабылдау ерекшеліктері мен әрбір елдің суретшілері буынының туындыларында оның нақты түрде көрсетілу сипатына зор ықпалын тигізді. Сондай-ақ, кескіндемеде ұлттық түсінік пен дүниетанымға барабар әлемнің картинасын жасады. Бұл ұлттық мектептер халықаралық мәдениеттегі алатын орынын, ондағы жекелеген шығармашылық тұлғалардың ролін анықтау болып табылатын, өнертанудың теориялық мәселелерін шығарды.

1960-1970 жылдар жалпы қазақ бейнелеу өнерінде ұлттық мектептің қалыптасқан кезеңі. Бұл кезеңде жастарға үлкен қамқорлық көрсеткен Суретшілер одағын басқарған Сабыр Мәмбеевтің рөлі өте зор болды.

Бұл ретте суретшілердің шығармашылықтарында белгілі бір шеңберден шықпай социалистік реализмді суреттейтін тақырыпта қойылса да ұлттық болмысты айқындайтын туындылар көркем әдебиет пен бейнелеу өнерінде сәтті қадам жасауымен толықтырылды.

1960-1970  жылдары  қазақ  бейнелеу  өнеріне  ұлттық  рең,  соны  леп  енгізген  С. Айтбаев, И.Исабаев, Ш.Сариев, Т.Тоғысбаев, Ә.Жүсіпов,  Ә.Сыдыханов, Ә.Смағұлов, М.Қисамединов,  Н. Нұрмұхаммедов, А.Рахманов, Б. Табиевті  атауға  болады[2]. Қазақ бейнелеу өнеріндегі ең бір жұлдызды топ, осы буын  болды. 1980-1990 жылдары келген Т.Досмағамбетов,  О.Прокопьева,  Е.Сергебаев, Б.Әбішов,  К.Муллашев, К.Дүйсенбаев, М.Аманжолов, М.Қалымов,  Д.Әлиев, Р.Ахметов О.Нұржұмаев, Е.Толепбаев,  Б.Түлкиеев, А.Ақанаев, В.Рахманов, Қ.Тыныбеков, Қ.Оспанов, Б.Зәуірбекова,  В.Твердохлебов, К.Бекенов, Р.Мәмбекова, Х.Бралиев, П.Шорохов, Ө.Мамакова, Қ.Есіркеев,  А.Дүзелханов, Ж.Қайраңбаев, Әлібай және Сәуле Бапановтар, Қ.Какимов, Б.Мырзахметов, Ж.Аралбаев, Б.Табылдиев, Т.Ордабеков, Қ.Каметов, Қ.Закиров, Ғ.Қаражасов, Б.Әбішов, Д.Түлеков, Ш.Төлеш, С.Иляев, М.Қасымбеков, Н.Бубе, З.Түсіпова, С.Анарбеков, М.Сейсов, А.Бейсембинов, Қ.Алтынбеков, А.Нақысбеков, А.Губашов, А.Оспанов, С.Әлжанов, Н.Бейсембинова, Қ.Ахметжанов, Р. Юсупов, А.Ахатбакиев, А.Бақтығалиев, Ә.Хайрулина, Қ.Хайрулин, Т.Мұқатов, С.Гумаров, Б.Талқанбаев, Ж.Әбдраман, А.Кененбаев т,б бұл буын 60 жылдары келген суретшілердің жалғасы ретінде шықты. Бұл буынның өздерінің шығармашылық тұжырымдары болмағындықтан бәсеңсу байқалды. Тәуелсіздік кезінде идеялық көшбасшылықты да ала алмады.

1980-1991жылдары Алғаш Кеңес заманының тоқырау кезеңін  шайқалтқан 1986 жылғы көтерлістен  соң 1988 жылы Ә.Сыдыхановтың «Кескіндемелік таңба» көрмесі өтті[3]. Қазақ бейнелеу тарихында бұл көрменің маңызы зор болды. Ол кезде саяси ахуал өте күрделі болды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы болған Г.Колбиннің қазақтармен санасуына тура келген кезі осы(1986 – 1989). Қазақстан мәдениет министрінің орынбасары (1977 — 1988); мәдениет министрі (1987 — 1988) болған Өзбекәлі Жәнібековтің руханиятқа ерен еңбек еткен кезі еді. Атақты Тайқазанның 1989 жылы 18 қыркүйекте ғана Түркістанға қайтарылуы ерек оқиға болды. Ө.Жәнібеков Қазақстан компартиясы ОК-нің хатшысы (1988 — 1991) қызметтерін атқаруы рухани салаларда үлкен сілкініс берді. Алғаш Наурыз тойланды. Алаш арыстарының мұралары  қайта рухани ортаға оралды. Тарихтың қайта оралуы әрбір жастың санасына серпін әкелді, жүректерге сенім ұялатты.

Дәл сол кезеңде Алматы Мемлекеттік театр –сурет институтының студенттері арасында желтоқсаншыларды ақтау күресі жүріп жатты. 1988-1993 жылдары бейнелеу өнеріндегі бір өлара тыныш кезең болды.

Тек бес жыл  өлара кезең өтіп 1993 жылдары алғаш «Көксерек» тобы құрылды. Осы жылдан бастап Қазақстанның Тәуелсіздік кезеңінің  қазақ көркемөнер даму тарихының класикалық кемелдену кезеңі басталды. «Көксерек» тобының мақсаты Қазақстанның бейнелеу  өнері жаңашылдықтың жаршысы болып стильдік сан алуандық идеясын енгізіп әлемдік үрдіске жақындауға шақырды. Бұл үлкен тарихи оқиға болды. Оны құрушы атақты суретші желтоқсаншылар Қанат Ибрагимов, Бақтияр Тәуірбеков, Ербол Мелдебеков болды. О баста отарлық идеяларға қарсы шыққан Қ.Ибрагимов топтың рухани бағытын айқындап отырса, Б.Тәуірбеков арт менеджерлік бағытын ұйымдастырды. «Көксерек» тобының көрмесіне дүниетанымдарына қармай көптеген жас суретшілер өте белсенді қатысты. Бұлар алғаш «Көксерек» галереясын ұйымдастырып галереялардың дамуына да серпін берді. Алматы мемлекеттік театр көркемсурет институтының жастарының белсенділігі сол кезде күрт артты. Алматының хиппи жастары да «Жасыл үшбұрыш» деген топ құрып бастағанмен наркотикпен ұсталып тарап кетті. Сол кезде  Алматы көркемөнерінде бір ғажап буырқаныс жүріп жатты. 1995 жылы Ташкент қаласында халықаралық көрмеде «Көксерек» тобы концептулды өнерлерін көрсетті[4]. Осының өзі Орта азия үшін жаңалық болды.  Бұл кезеңнің ең басты ерекшелігі стиль құбылыстарының әртүрлігі кең қанат жайуы басталды.

Қазақ бейнелеу өнерінің осы кездегі рухы оптимистик иллюзалардың күштілігімен,  кеңестік отарлық саясаттың жамандығынан және елімізге салған жараларынан жазылуға деген оптимизимі күшті болды. «Көксерек» тобының жаңашылдық идеясы Тәуелсіз Қазақ елінің бейнелеу өнерінің бастауы болды. Жастар арасында Тәуелсіз Қазақстан деген үлкен мүмкіндіктер елі ретінде сенім болды. Бәріміз шат болдық. Қазақстан көркемөнер процесінде XX ғасырдың аяғына таман көркемөнерлік көңіл-күйді еркін білдіру, тек қана тарихи өткен емес, бүкіл әлемдік көркемөнер тәжірибиесінен бастау алып жатқан өзін-өзі тану тенденциясы қанат жая бастады. Суретшілердің көздеген мақсат, мәселелері ұлттық деңгейдегі мәнерді, менталитетті көрсетуде қазақ халқының ежелден келе жатқан қолөнердегі көркемдеу мен рәсімімен байланыстыра отырып, кәсіби бейнелеу өнеріндегі өзіндік ұлттық мектепті қалыптастыруға тұтас жастар буына ат салысты.  «Сорос-Қазақстан» қоры — 1995 жылы «Қазақстанда ашық қоғам құндылықтарын ілгерілету мақсатында» Ашық Қоғам Институты (OSI) құрған үкіметтік емес қайырымдылық ұйымы жұмыс бастады. Саяси астары бар «Сорос» қоғамдық қорының белсенділігімен посмодернистік стильді  жандандыруға көп қаржы жұмсады. Суретшілер мен қоса өнертанушылар тобы да тартылды. Бәрібір эмоцияларды ұйымдастыру өнері ретінде Қазақ руханиятына сіңе алмады. Жаңалық форма еш жаңалық әкелмеседе, тек өнер сүйер қауым санасына әсер етуге тырысты.

Тәуелсіздіктің жаңа буыны болып қалыптасқандар негізінен 1960 -70 жылдардың аралығының ар жақ бер жағында туғандар еді.  Тәуелсіздіктің нағыз буыны Қазақ өнеріне өміршеңдігімен  үлкен серпіліспен толысты. Осы уақыт жаңа стильдердің жаңа философиясы негізінде жаңшылдық өзгерістер орын алып ұлттық жаңғыру идеясы енді. Жас суретшілердің күш-жігерімен өмірге көркем образдың белсенді енуінің, өнердегі формаларды өзгертуге қатысуының жаңа мүмкіндіктері дамыды. Идеялар мен көркем бейнелерді жүзеге асырудың түрлі әдістері кең таралды.

Реализмге деген сұраныс қайта жанды. 1995 жылдардан бастап реализм жетекші бағыт болып қалыптасты. Кеңестік дәуірлердегі реализм жетістіктері мен әлемдегі стильдік жетістіктері сіңірілді. Қазақ халқының өткенін нақты тарихи жағдайлармен толықтыру үшін тарихи, этнографиялық шындыққа деген сұраныс күр артты. Бұл қорытынды еш иделогиясыз табиғи түрде пісіп жетілді.Тарихи реализмге деген ұмтылыс ұлттық экспрессивтіліктің жаңа мүмкіндіктерін іздеуде көп нәрсені көрсетті. Эстетикалық тұрғыдан халықтың өз тарихына деген жаңа демократиялық көркемдік сананы дамытуға деген дәйекті ұмтылысында.

Ең жоғары жетістік көркем форманың табиғатына негізделген экспрессивтілік энергиясы ерекше болды.

Қазақ көркемөнеріндегі ерекще құбыл болып келген «Алтын буын»  процесін үш он жылдыққа бөліп қарасақ  дамудың ерекше паноамасын жасау үшін қажет тұжырым. Қазақ көркемөнерінің дүркін дүркін қосылған толқындардың ішіндегі әр суретшінің келуі де, көркемдік үлестері мен жаңалықтары да әр түрлі.

1993 жылдары басталған Тәуелсіздіктің Алтыны буынының алғашқы толқындары: Қанат Ибрагимов,  Бақтияр Тәуірбеков,  Бақыт Бапішов, Ғалым Маданов, Ербол Мелдебеков, Қазақбай Әжібек, Досбол Қасымов, Сембіғали Смағұлов, Ақтоты Көлке, Төлеген Сүлейменов, Алпысбай Қазғұлов, Шамил Гулиев, Таинов Серік, Мейіржан Нұрғожин, Тілеужанов Талғат, Марат Бекеев, Айбар Тазиев, Андрей Нода, Арыстан Шалабаев, Молдақұл Нарымбетов, Витали Симаков, Саид Атабеков, Рүстем Халфин және т,б.

Мүсіншілер мен монументалистер: Әділет Жұмабай, Нартов Асқар, Нұрлан Далбай, Болат Құсаинов, Сұраншиев Қайрат, Рахмадиев Едіге, Бақытбек Мұхамеджанов, Мұрат Мансұров, Асқар Есенбаев, Асқар Есдәулетов, Ғазиз Ешкенов, Тоқтар Ермеков, Эдуард Казарян, Ғалым Рысбек,

Сәндік өнер шеберлері; Базарбаева Раушан, Серік Рысбек, Аман Мұқажанов, Баширов Сержан, Естай Даубаев, Төлеген Сәрсенбаев, Зейнелхан Мұқамеджан, Айжан Әбдубайт,

2000 жылдары қосылған толқын: Айбек Бегалин, Болат Тұрғымбай, Вадим Сидоркин, Кабдрахман Отарбай, Бақытнұр Бүрдесбеков, Қанат Шүкірбеков, Хашим Құрбанов,  Нұрлан Килибаев, Гүлжамал Тагенова, Мәлік Қайдаров, Әсет Жақыпбек, Манат Қаспақ, Сәбит Құрманбек, Елена Тео, Абдуақат Мұратбай, Зұлқарнай Қожамқұлов, Құрманғазы Ақашов, Қуат Асқар, Вдадимир Шеге, Гүлжанат Кабижанова, Ботакөз Ақанаева және т,б.

Мүсінші монументалистер; Аманат Назарқұл, Жамхан Айдар, Данияр Қалиев, Қанат Нұрбатыров, Ишанов Серікжан,

Графиктер; Манат Аманбаев, Бажиров Нұрлан, Ералы Оспанов, Қоңыр Мұхамеди, Қуандық Мадиров,

2010 жылдары қосылған толқын:

Әли Бақтыгереев,  Чагиев Қанатбек, Әділ Баяндин, Гүлшат Мадибиева, Вячеслав  Люй- Ко,  Төлеуғазы Байғалиев, Нұрбек Жардемов,  Құралай Аманжолова, Нұрбазар Кожин, Жамбыл Натбаев,  Нұрлан Әбішов, Нұртай Жәрдемов, Болат Мұхамедиев, Бекжан Жумабаев, Камила Жапаловаға ұласатын ұзақ тізім   тәуелсіз қазақстан бейнелеу өнерінің «АЛТЫН БУЫНЫ». Бұлар нағыз кемел шақтарында жұмыс істеуде және зерттелмеген тың буын.  Буырқанған жастар легі бұрын-соңды болмаған  көптігімен, ізденістің ерекшеліктерімен  азаттық рухымен шыңдалған нағыз рухы биік жаңа Алтын буын болып тарихқа енді. Олардың ізденістерінде Рухани жаңғырудың сан түрлі мүмкіндіктері қарастырылды. Бүкіл әлемдегі көркем ізденістер қазақ топырағында басқа құнармен өнді десек болады.

Бұл кезеңнің өнері, көп жағдайда өзіндік жоғары деңгейдегі кәсібилігін өткен кезеңдерге салынған дәстүр ретінде сақтай отырып, стильдің көркемдік тілінің жан-жақты көп қырлығымен ерекшеленеді. Әсіресе сәндік қолданбалы өнер ерекше дамыды.

1993-2024 жылдардағы  Қазақстандағы рухани және көркемөнердегі  кезең ерекше таланттар шоғырын «АЛТЫН БУЫН» — кезеңі деп айтуға толық негіз бар. Мемлекеттік иделогия болмаса да Ұлттық сананың ең басты көрсеткіші ретінде қазақ бейнелеу өнерінің күрт дамуы ерек әлеуметтік заңдылық,  ғажап құбылыс[5].

1993 жылы бейнелеу өнерінің ізденістерінен басталған бейнелеу өнерін- Тәуелсіз Қазақстанның бейнелеу өнері деп тануымыз керек. Әр суретші ізденістерімен өнердегі   өзінің  бастау бұлағына, ежелгі халықтық түп негіздеріне ықылас білдіруінде оның этнографиялық, одан кейін поэтикалық дәрежелерінен  жаңа биіке шығып, оны пайымдаудың  философиялық дәрежесіне көтерілді деуге болады. Тәуелсіз Қазақстан бейнелеу өнеріндегі негізгі бағыттарда  ұлттық тенденцияның басым екені әрине шындық. Әлемдік өнердің табиғатына түрен салған,  бейнелеу өнерінің айдынына шығып биік көркемдік дүниелерін ұсынған жаңа тұлғаларды тану үшін сараптамалық толғамдармен үңілу бүгінгі күн үшін өзекті тақырып.              Тәуелсіздік кезінде руханият салары әдебиет, сәулет, музыка барлығы да тоқырауды да, дағдарыста да бастан кешті. Тек бейнелеу өнері  алға жылжып өзінің алтын ғасырын жасауда.

 

Пайдаланған әдебиет.

  1. Қазақстан бейнелеу өнер.ХХ ғасыр.Алматы,-2001.332б
  2. Қазақ өнерінің тарихы. 3-томдық.(ХІХ ғасыр жəне ХХ ғасырдың бірінші жартысы.ІІІ том.-Ікітап).-Алматы: «Өнер».2008.608 бет
  3. Нигора Ахмедова_Может быть, пришло время войти в контекст мирового искусства? html
  4. Беристенов Ж.Т. Мəдениеттегі «Хаос» елдің ертеңіне береке бермейді! Дат.
  5. №30.(630)01.09.2022

 

Related posts

Индонезия елінің Ява аралындағы Батик өнерінің мотивтері

Turanart

Сарыарқаның маржаны

Turanart

Сабыр Мәмбеевтің шығармашылығындағы көркемдік ерекшеліктер

Turanart

Leave a Comment