Түпкі мәні жағынан, жаратылысынан поэзия – мәдени құбылыс. Ежелден ақындықтың күші пайғамбарлыққа теңестірілді. Бұдан 5000-6000 жыл бұрынғы Мысырдың «Аруақтар кітабы, Үндінің «Ригведасы», «Махабхаратасы» мен «Рамаянасы», Бабылдың «Білгемеші», Заратустраның Авесталар тек жырмен жазылған. Бұлардың бәрі әлемдік поэзияның қайнар бастаулары. Ең негізгі адами құндылықтарды, ақиқат, жақсылық, және сұлулықтар жырланды. Поэзия — ол адам болмысының айнасы.Ол әлемді бүтін бір дүние ретінде танып, «ақиқи зейінге» жетелейді. Өлең сұлулықты сомдап, онымен қатар, қоршаған айнала, ортаның – ішкі қайшылығын, заман диалектикасын саралап, алдын-ала танып-біле қоятын қасиетте тән. Осындай уақыт екшеуінен, заман сынынан тұлғаланып көтерліп шыққан ақын Тыныштықбек Әбдікәкім. Ақынның шығармашылығын білетіндер талантын мойындаса да, арнайы зерттеп анықтай түсуге тиіспіз. Сөз образының, көркемдік формасының күрделі философиялық толғауларын талдау үшін, ақындар болмысы мен семиотикалық әдебиет мәселесін талдаудың қажеттілігі айдан анық нәрсе. Осы тұрғыдан алып қарасақ дәстүр жалғастығынан гөрі жаңашылдық кредосы анық ашылмақ.
Өз басым ақындарды үш топқа бөлем.
Бірінші категориядағылар- Лирикалық ақындар. Айналасын айдан анық танып, мына дүниенің түп-тереңіне бойлап, ұсақ-түйекті де назарынан қалт жібермейді. Өзінің табиғи жаратылысын, мына жарық дүниеге шыр етіп келгеніне, дәм-тұзы таусылғанда ажал құшатынына бойұсынып, бұл дүниемен, о дүниенің жұмбақ күшіне көндігеді. Ол бір сүйіспеншілік сезімге бөленіп, белгілі бір адамдарға деген нәзік сезімге бой алдырып, өзгелермен бірде бауырмашыл, бірде өмірде сентиентализмге бой алдыра түседі. Ақындардың жан дүниесін ақтарып таусыла жырлап, өмірден бір жылу таба алмай көбіне эмоциясын шығара біледі. Алайда, ақынға да, оның өлеңін сүйер оқырманына да, бейнеленген дүниенің көбісі өзіне таныс іспетті күйде болады. Оған негізінен ХІХ-ХХІ ғасыр ақындары кіреді.
Екінші категориядағылар- Ойшыл ақындар.Өлең әуелден-ақ ең негізгі адами құндылықтарға: ақиқатқа, әдемілік пен мейірімге, толғамды түйінді пікірлермен ағартушылық сипатқа бағышталған. Сол себепті де, ол миымызға тікелей жетіп, жан-дүниемізді билеп, ойландырып, сабырлы ете түседі. Өлең бейне бір үңіліп қарап, түзетіп алуға болатын айна сынды. Осындай шарт, өзін-өзі тіктеп алу барысында миымыздың қатаң қалыбы оқтын-оқтын жұмсарып, не керісінше одан сайын ес жиып қатайып тұрады. Әрине, семантикалық деңгейде өлең өзін-өзі түйсіну мен ар-ұятқа мүдделі. Оған орта ғасыр ақындары кіреді.
Үшінші категориядағылар- рух тобы, тәңіруи ақындар. Гегельдің ілімінше, ұғым, таным, рух — процесс[1,223]. Олардың даму көзі — олардың өзінде. Бүкіл әлем, Адамның ғұмыры көз алдыңа қайта оралып, қарама-қайшы сезімдер – қайғы-мұңға толы қасірет пен көңілің алып ұшқан қуаныш, Өмір мен Өлім, Мейірім мен Залымдық, Махаббат пен Ғадауат, пендешілік пен адамилық, ащы өмір мен тәтті қиял, бүтін мен бөлшек, күлкілі мен қайғылы, өткінші мен мәңгі сезім біріне бірі ұласып, үйлесіп кетеді. Әрине, мұндай күйде уақыт ғайып бола салмайды, қайта кеңістікке бойлап санқилы сезімге бөлейтіні соншалықты, жаның жай тапқан жайбарақат күй мен аласұрған арпалыс қатарласып кетеді. Әлдебір күш-қуат пен ешбір жанталасты қажет етпейтін жеңілдік сезімі мидың түйсігіне терең орнайды. Ақын мен оның оқырманы «өлең сөздің патшасына» бар жан-тәнімен беріліп, бұ дүниеден тыс биікке қалықтайды. Бұған Заратуштра, Гомер, Гесиод сияқты санаулы ақындар кіреді.
Зартауштраны пайғамбар деп бөлектесек те, Гомер мен Гесиод туралы сөз айтуға тиіспіз.
Бұлар желгі грек халқы тарихының Крит-Микендік дәуірінің ең ұлы жараулары. Бүкіл діни құдайлық жүйелерді жүйелеп реттеген. Өзінің аңыздық пішіні жағынан Гомердің «Илиада» және «Одиссея» туындыларының грек философиясына тән ұтқырлықтан әлі аулақ болғанымен, онда дүниенің әуелгі жаратылысын іздеудің тұңғыш талпыныстары байқалады. Гомер белгілі бір жағдайларда жарық дүниенің жаратылысының бастапқы көзі деп пайымдауға болатын үш себепті атап айтып, оларға тіпті Никс, Океанос, Тетис деген атауларды береді. Гомердің космологиясына сай, Жаратылыс Дүние үш бөлшектен тұрады: Көк Тәңірінен, Жер Анадан, О дүниеден. Көк тәңірі мен О дүние патшалығы Жер Анаға симметриялық сипатта көрсетіледі. Ол Тартар деп атаған О дүниенің тұңғиық түпсіз тереңдігі мен Жер Анаға шектесуі, сол Жарық дүниеге бөленген Жер Ананың Көк Тәңірімен шектесуіндей жаратылған. Гомер жырларының маңызды тұсы Тағдырдың бейнеленеуі. Бұл едәуір деантропоморфизделген сипатқа ие.Тағдыр, қазақтар айтпақшы, алдын-ала пешенеге жазылып қойылған. Оны ешқандай әдіс-тәсілдермен, қаражат-құралдармен көндіруге келмейді. Ол құдайлардан да құдыретті, Тағдырға тек байғұс пенделер ғана емес, тіпті олимпиялық құдайлардың өздері де табынады[2].
Олимпиялық дін ежелгі грек полистерінің ресми діні болып табылды. «Гомердің дастандарында барлығы дерлік табиғи және әлеуметтік құбылыстардың көпшілігі өзіндік тылсым күшті антропоморфтық қасиетке ие. Гомердің жыр-шежіресі әлеуметтік антропоморфтендірілген өміртанымның ғажайып мысалы. Онда көркем және діни бейнелер тұтас сомдалған. Дегенмен, бұл діни-көркем өміртанымнан гөрі көркем-аңыздық дүние. Себебі, жыр-дастанның қақ ортасында адамдар немесе жартылай құдай-қаһарман, батырлар тұрады. Ал, Құдайлар шеткерілеу байқалады.
Екінші басты ақын Гесиод- ол да тарихи тұлға. Алайда, Гесиодты аңызды қолдан жасаушыдан гөрі, сол аңыз дүниелерді жүйелендіруші деген дұрыс болар. «Күнделікті еңбек ету» және «Теогония» деген қос дастан да осы Гесиодтың атымен байланысты.
«Теогония» — діни-аңызнамалық өміртанымның үлгісі. Онда құдайлардың шығу тегі туралы жырланады. Бұл дастанның «Энума элиш» деп аталатын шумерлік-аккадтық дастанның ықпалымен жазылғаны анық. Құдайлардың табиғат құбылысын, қоғам салтын дәріптейтіні сынды бұл дастанда құдайдың өзінің шыққан тегі жайлы ғана емес, адамдардың жаратылысы жайлы да, осы адамдардың құдайға қарым-қатынасы жайлы да шежіре шертіледі. Гесиодтың «Теогониясы» — әлеуметтік антропоморфтік өміртанымдық кешеннің діни-аңызнамалық өміртанымының мысалы[2].
Гесиодтың еңбектерінен оның космогониялық және теогониялық көзқарасымен қатар, қоғамдық ақиқаттың белгілі бір шарттарын табамыз. Осы космогониялық пікірлердің барлығы негізінен аңызнамалық қалпынан айныған жоқ.
Гомер мен Гесиод бүкіл олимпиялық құдайлар жүйесін жасаушы ақындар. Бұларды Семиттер түсінігінде пайғамбар деп те айтуға болады.Алайда, олардың кейбіреулерінде (Гесиодта, Ферекидте, Эпименидте) табиғатқа жүгінуге деген бейімділікті аңғаруға болады. Бұл «фәлсафалыққа дейінгі» ахуал әлемнің (немесе ғарыштың) негізгі қағидасы және оның дамуы қандай күшке, не қағидаға бағынады деген толассыз сұрақтардың жауабын ежелгі аңыз, шежірелерден іздестіру екені түсінікті. Бұл сұрақтарға ұтқыр жауап беруге талпыну, түрлі сиқыр, тылсым дүние құпиялары мен діни тәуелділіктен босанып шығу осы грек философиясының көзі, оның тегінде деп айтуға болады.
Мұның бәрі руханилыққа қатысты. Осындай руханилыққа негізделген танымал философиялық қозғалыс — 19 ғасырдың ортасында Еуропадағы Трансцендентализм деп аталды[3]. Осылайша ол сана мен кеңістіктік-уақытша пәндік әлемді мойындайды. Дәлірек айтқанда, трансцендентализмге сәйкес зат, ақыл-ой мен сезіммен қабылданатын нәрсе ғана болады. Негізін қалаушылар құрамына Ральф Уолдо Эмерсон мен Генри Дэвид Торео кірген философия. Ол руханилыққа ақыл мен рационализм арқылы жетуге болмайды, керісінше өзіндік рефлексия мен интуиция арқылы жетуге болады деген сенім төңірегінде топтасады. Басқаша айтқанда, трансценденталистер руханият сіз түсіндіре алатын нәрсе емес деп санайды; бұл сіз сезінетін нәрсе. Трансценденталист әдемі жерде серуендеу діни мәтінді оқудан гөрі рухани тәжірибе көп болады деп айтады. Трансценденталистер өздері үшін ойлау тұжырымдамасын жоғары бағалады және адамдар тәуелсіз болған кезде және өздері ойлана алатын кезде ең жақсы деп санады. Сонда ғана жеке адамдар жиналып, идеалды қауымдастықтар құра алады. Бұл олардың қозғалысын дәстүрлі құндылықтарды сынағанды ұнататын, бірақ өздері не қалайтынына сенімді емес арманшылдардың бір тобы ретінде қабылдауға мәжбүр етті. Трансцендентализм ағым ретінде сол кезде ақ дүниеге келді. Ральф Вальдо Эмерсонның сөзінше барлық адамдар Құдайдың шабытына қол жеткізді және еркіндік, білім мен шындықты іздеді және сүйді. Ағылшындық бұл қозғалыс бірақ керемет жетістікке жете алмады. Кез келген еуропалықтардың тарихының кеңістіктегі тарихы тілдік жағынанда аса терең емес. Тамыр тартар тереңдік табылмағандай көрінеді.
Бұл трансцендентальды эпистемологияның негізгі идеясы әлі күнге дейін қолайлы болып қала береді және эстетикалық пайымдауларға деген сенімнің негізі болып табылады.
Трансцендентализмге сәйкес сана белсенді шығармашылық бастама. Ол адамның біліміне, тәжірибесіне және эстетикалық пайымдауларына жол ашады. Демек, санада адам пікірінің негізділігін ақиқаттайтын нәрсе бар. Рационализм сияқты трансцендентализм де жалпы мәнді эстетикалық пайымдауларды мүмкін деп таниды. Сұлулықтың ерекше қасиеттері мен эстетикалық пайымдауларды егжей-тегжейлі сипаттауға келетін болсақ, трансцендентальды тәсілдер неғұрлым сенімді болып табылады. Олар жалпы мағыналы эстетикалық пайымдауларды жақсы негіздейді. Олар классикалық философиялық мәселелерді-тиісті және нақты дене мен рухтың мәселелерін қоюдың қазіргі заманғы нұсқаларын білдіреді деп айтуға болады. Семиотика олардың шешуіне өз үлесін қосады және ол жалпылама трансцендентальды тәсіл деп атағанымды негіздеуден тұрады. Трансцендентальдық философия осы нәтижелерді талқылауға болатын шеңберді көрсетеді.
Сұлулықтың ерекше қасиеттері мен эстетикалық пайымдауларды егжей-тегжейлі сипаттауға келетін болсақ, трансцендентальды тәсілдер неғұрлым сенімді болып табылады. Олар жалпы мағыналы эстетикалық пайымдауларды жақсы негіздейді. Олар классикалық философиялық мәселелерінен басқа, дене мен рухтың мәселелерін шешудің қазіргі заманғы нұсқаларын пайымдауға қабілетті деп айтуға болады. Семиотика олардың шешуіне өз үлесін қосады және ол жалпылама трансцендентальды тәсіл деп атағауға да болады. Трансцендентальдық философия осы нәтижелерді талқылауға болатын өз шеңберін көрсете алады.
Енді талқыланатын мәселеге қатысты ережелер анық болды деп ойлаймын.
Тыныштықбек Әбдікәкім ақынның үш бірдей кітабы оқырманның алдында жатқан кезде, көркем шығармашылықтың әдеби жаңалық алғышарттары туралы мәселені қарастырамыз. Тыныштықбек ақын туралы біршама зерттеулер жазылды. Мен тек екі адамды ғана екшеп алдым. Ә.Кекілбевты таңқалдырып, назарын аудартқан «Біртүрлі ақын» — деп таланттын мойындаған мақаласы[4]. Осы мақаладан соң мәдениеттанушы Ә.Қодар «Соңғы кездегі қазақ поэзиясының үлкен табысы Тыныштықбектің поэзиясы деп ойлаймын. Өйткені ол — арифметикалық есепке көнбейтін, ауыз екі деңгейде айта салуға жарамайтын, әрқашанда тек түбегейлі терең зерттеуге тұратын поэзияның үлгісі.» -деп тура бағасын айтқан мақаласы[5].
Ақын Тыныштықбектің «Қас Сақ Аңқыма» кітабы ғарышнамалық ұғымдарды Қазақтың ұлттық дүнеиетанымымен сараптап пайымдаған ірі шығармасы[6]. Бұл кітаптың атауы тек оның мазмұнына ғана сәйкес келетінін бірден байқаймыз. Кітапта бұл поэзияның трансцендентальды аспектілері туралы ой толғамдардан құралған. Екінші жағынан, поэзия туындысының мәні, танымдық, әлеуметтік, коммуникативтік, сиқырлы-діни, тәрбиелік және басқа да алуан түрлі қызметтері туралы еске түсіретіндіктен, эстетикалық құндылығы терең. Дегенмен, осы жерде қазіргі семиотиканың, ең алдымен адамның санасына кодталған сөздердің әсері мен сенсорлық жүйелердің физиологиясы тапқан мәліметтерді тарту өте жемісті болуы мүмкін. Кітаптың әр түрлі тарауларында көптеген экзсизтендалдық толғаулар бар. Құдіретін, керемет екенін түсіндіру қиын, алайда, сұлулық сезімін тудыруға қабілетті қасиеттермен ерекшеленетін, рух беретін тылсымды сендіру сезімі де басқаша. «Оның бүкіл дүниемен қарым қатынасында бір ғажайып діни, тәңіруи тылсым сезілетіндей.» -деп Ә.Қодарда тап басты[5]. Ақынның жырларын практикалық тұрғыдан біздің эстетикалық тәжірибемізді түсінудің және түсіндірудің ең жақсы құралы қандай да бір кеңейтілген, тұтас қамтитын трансцендентализм болар еді.
Кітаптың кіріспесінде «философиялық мән-мағынасын, темірқазық идесын қасиетті «Аңқыма» Сөзі аяңдап айтып тұрады. Бейне әулие сияқты аян береді ол кәдімгідей» -деп жазған [6,5]. Шығармадағы сөзжасамның қайнар көзі – тілімізде бұрыннан қолданылып келе жатқан жалпыхалықтық сөздердің мағынасында болатын әртүрлі өзгерістер жаңа сөз жасаудың лексикалық-семантикалық тәсілінің негіздерін кең қолданған. «Аңқыма», «аңқыл», аңқылдақ», «Аңқыр», «Ес», «Ыра».
«Естің нендей ғажап «патшалық» екендігін аяндап –баяндап тұратын «періштеміз» — Естің өзінің Самал Сөзі, Жұпар Тілі» -дейді ақын. Бұл шығарма ешқандай философиялық трактат емес. Бұл «әдеби» сипаттағы туындылар үшін ой-қиял әлеміне берілу референттілігін көрсетеді.
Бұл кітаптың формасына да дау тууы мүмкін.Сөзімізді түйіндей кетсек. Романның, өлеңнің, не драманың мазмұны ақиқатқа негізделмеуі мүмкін. Онда логикаға сыймайтын талдауларға жол беріледі. «Әдебиеттің айрықша қасиеті, оның осы «ойдан шығарылуында» — дейді Уэллек[7,385]. Поэтикалық міндет, ол – тек өзі үшін «дерек беруге» ден қойуы міндетті. Бұл қазірде түрлі пішіндерге енгенімен, оның әлі күнге дейінгі басты сипаты осы. Сонымен, әдебиет –жүйе, жүйелі ұйымдастырылған тіл, біздің бар назарымызды өзіне баурап алатын құдыреті күшті тіл. Толыққанды тіл. Әдебиеттің екінші құрылымдық сипаты осы. Кітап еркін ұйқаспен жазылып, сұлу мақаммен, көл-көсір терең мағыналар, әуенділігін бір жоғалтпаған.
Тыныштықбек ақынның тілі қатаң кодталуына қарамастан, қазақтың классикалық тілін терең игерген, өзінің түпкі мәні жағынан жаңғыртып тілдесу тілі. «Естің «Ойлар ғарышы» яғни «Сөздер ғарышы» екендігін ескерсек, онда Естанымның ең әуелі СӨЗТАНЫМ екендігі де түсінікті болмақ»-деп ақынның өзі де түсіндіріп өтеді[6,17].Сол сөздерінің біразы алайық.
1. «Жаратушы Ійе», 2.»Арғы Аңқыл», 3. «Ізгі періштелер», 4. «Зұлым періштелер», 5. «Пайғамбарлар», 6. «Жарасым Ес» Ійелері, 7. «Керіс Ес» иелері.
Дүние жаратылғаннан бастап тараған тілдердің бастауында қазақ сөзінің негіз болып тұрғанын ақын терең сезінеді. «Ес» ақын үшін жаратушы. «Ес» жаршысы «сөз». Інжілде бірінші «сөз» болса, Тыныштықбектің философиясында бірінші «ес». Жалпы қазақтар дүниетанымында «жаратылыс» — деп ғаламшардың жарылыстан жаралғанын парықтаған. Кітап оқып отырып осындай небір ойларға кенелесің. Ақынның өзі де тіл құбылысын Қассақтың Аңқымасы дейтіні де содан.
Тілдік қабаттардың байлығын сезінген ақын, Қазақ тілінің сөз байлығы үшін лексикалық семантикаға көп жүгінеді.Жеке сөздердің, морфемалардың шығу тегін, бастапқы мағынасын, ол мағынаның өзгеруін, әлемдік тілдер этимологиясын меңгерген ақын үшін лексикалық семантиканың маңызы зор. Ақынның лексографиялық мүмкіндгі де ересен.
Кітаптағы әрбір сөздің эксистенциалды сезімдерді ояту мүмкіндігі өте күшті. Оқырман тек қазақ болу керек. Тыныштықбектің өлеңдері аударуға келмейді. Оған әлемдік тілдердің байлығы жетпейді ау.Тек түсініктеме жасауға болады. Кітаптың құрылымы әдебиеттің семитотикасына негізделген.
Ал әдебиетте Тыныштықбек тыңнан жол салды. Ол ақын-рух ретінде уақыттағы әр өзгерісті жоғарыдан бақылып, түйгендерін толғаулы монологпен жырға қосады.
«Ұлыстың ұлы күні ғана, мынандай ежелгі «Өртел» Дуасы оқылатын болған.Сөз қандай, «Өртел» — дуасы дейді [6,161]. Естіп көрмесеңде жоқ деп айта алмайсың. Іштей түйсікпен мойындайсың.
«Мың құлпырып ойлайды –ай көкте Күн!
Күннен аяр ештеңем де жоқ менің.
Аңқып –аңқып, жырлай түссін Нұр –тегім!
Аңқыл-аңқып бүрлей түссін Шөп тегім!
Мың құлпырып, ойлайды –ай кеп көкте Күн!
Жарқын ауа –телегей СӨЗ!
Теп-тегін!Көктей тұрып, келер қайта көктемім!
Алас, алас, Қызыл сауда, Өктем Үн!…»
Осы қысқа үзіндідегі сөздердің кесектігін айтсаңшы. Қандай жоғары нота! Өлеңнің тікелей түйсікке жететін шегінен тыс тағы бір ерекшелігі бар, ол – жадыда жатталып қалатыны. Әрине, ол сөз саптауының кодтық қасиеттерге мән беруін де болуы ықтимал.
Жадыңызға үңіліңізші, өлеңді жаттау барысында терең дүниелерге куә боласыз – сөздің өзі есіңізден әлдеқашан шығып кетсе де, сөз ырғақтарының ұмыт болмағанын түсінесіз. Бұл ырғақ сол бір өлеңді алғаш оқығанда, не тыңдағанда жан-дүние, тұла-бойыңызды билеген рухқа бой алдыруға жол ашады. Жадыдан шыққан дүние қайта тіріліп, өткеннің қақпасы қайта айқара ашылып, сөз патшасы жан-дүниеңді баурап алады. Логикалық санаға телінген ойды бөлектеп тұратынашық үн алыстап, үнемі толқынды дыбыс беретіндей. Тек, үнсіз қалғаны сол-ақ екен, ішкі дауыс, жүрегіңнен жететін әлдебір үн сыбыр ете қалады. Ішкі дауыс сана-сезімге ырық бермей, айтарын айтып қалады. Өлеңнің құдыреті баршаға аян. Мүмкін бұл діни көзқарастағы кейбір әдебиет сүйер қауымға ұнай қоймас. Бұл олардың еңбегін адам миынан тыс тылсым дүние дегеннен алыстатып әкетуді көздейтін, белгілі бір сұм-айлаларын әшкерелейтіндей. Өзінің табиғатына қайта кері бұратындай.
Оның қырағы көзқарасынан уақытта шет қалмайды. «Көз алдымда далам жатты…» -дейді. «Ақша радиациясына» — ұшыраған қайран қазақ қоғамында көз алдыңызға әкеледі. Осы теңеудің өзі қазіргі уақытты кеселін тура айтып тұр. Радиацияға уланған «улы жұмыртқасын жарып шыққан барлық сұрқия сұржылан жолдар да ең әуелі далалық әдет-ғұрып Иелерін жайлап қана буындырып өлтіруге құмар»- деп түйген[6,118].
Бұл ақиқатты түсіну үшін саясаткер болудың да қажеті жоқ. Егемен еліміздің эфиріндегі көріп жатқан шындығымыз осы. Бұл толғақты уақыт сипаты да оның жан әлемінде тыс қалмады.
«Санам маған Таңыра Жолын таңдатты.
Сансыз Ойлар аңқылдайды Есімнен,
сансыз Ойлар!..Киіз үйлі, Салт атты!..
О ондағы Ұлдар қандай, тұлғалы!
О ондағы Қыздар қандай, сырғалы!..»- деп ақын шынайы поэтикалық мазмұнын айта отырып тылсым аңсарға аударады [6,189].
Өлең мидың өзін-өзі марапаттап, шаттану механизмін іске қосатындықтан, біздің жанымызды рахатқа бөлейтіні анық. Өлеңнің осы бір құдыретімен жанымызды шалқытып, сиқырымен бар сана-сезімімізді, тұла-бойымызды баурап алып, көбіне оқырмандарын ақиқат деп жүрген сұм уақыттан, мына өмірдің ащы шындығынан алыстатып қайта тірілтетіні өтірік емес. Тыныштықбектің жаңа эстетикалық көзқарасы, осы ережені керісінше түсінікке алмастыруды мақсат тұтады. Ол өлеңмен қоса, көзқарасымен бізді қайран қалдырып, біздің ащы шындыққа қайта оралуымыз үшін табиғи болмысымызды оятуға талпынуда.
Бұдан басқа «Ырауын» топтамасындағы «Жан-Ар» жырын тыңдасақ.
«Күнде үмітім Түн-Тәңірдің тұңғиығына ілініп,
Өз Ойымнан өзім озып, азап шегем, құлыным.
Мен-мың өліп, мың тіріліп үлгеретін баламын.
Бір-бір тажал жұлдыз күтіп, тағдырлардың торабын…
Заңдылықтар құдіретінзерттеуменен келем мен.
Музыкамен ойлап көрсем,
Сөйлеп көрсем Өлеңмен,
сыздап тұрған Ақылымнан дірдектеп бір сор ақпақ!..
Саған әлі, білемін ғой, дүниенің бәрі аппақ…» жырға қосады[4,161].
Бір дүниеге барынша ден қойғанда, оның бар жан-дүниеңді билеп алатыны соншалықты, сыртқы тітіркендіргіш жағдайларға мән де бермей қаласың. Өлеңнің бейнелік әлемі жарқ-жұрқ етіп, нағыз сырлы сезім тәжірибесіне жетектейді. Көңіл түбінде жатқан бар құпияң – ләззат күйге бөленген сәтің де, қайғы-мұңға батқан күндерің де жадыңнан тіріліп, көбіне отбасы туған-туыс, бауырларыңмен, дос-жарандарыңмен, көңіл қосқан сүйіктілеріңмен, кезінде жаныңда жадырап жүрген, бүгінде о дүниелік марқұм болған қимас жандарың мен сол бір кездегі көңіл-күйіңді қайта кешкендей боласың.
Тек қана ойтолғам ғана емес жырда лирикалық леп деген тіптен керемет.
«Түн келгенде дұғалы,
«Жар-Жар»-лаған жұмық Көздер Құмары
Ішке түсіп,
От саулатып өзекке,
Қас-қағымнан мың да бірлік мезетте
Жан дүние Қызылының мекенін
Алма –кезек шарпып өтіп екі ерінІ..
Ғаламның да не екені…
(тамырларда –музыкасы Некенің!)
Өң мен Түсте от саусақтар малшылап!…
Тән елесі шым-шытырақ тамшылып!…
Әлдененендеймүлде жұмбақ Ырғақтан
Анар иісі аңқып жатқан гүл-бақта».- деп тәтті лирика, терең сезімнің поэзиясы осылай төгіледі[4,137].Ұшқыр қиялмен терең суреттелген, алуан образдар көз алдыңызда қанат біткендей, өзгеше ажар тауып түрлене береді.
Осы мақаланы аяқтай отырып, ақын жырының түрлі қырларын семиотикалық әдебиет ретінде саралап, біз басты тұжырымды негіздедік деп үміттенеміз:
1.Тыныштықбек ақынның ««Қас Сақ Аңқыма» кітабы көркемдік, лексикалық семантикасының қуатымен, қазақ халқының дүниетанымы туралы жырлаған Тәңірлік философиялық бастауларды түсіндірген ең іргелі шығармасы десек, екінші жағынан ол жалпы поэзиямыздағы философиялық шығарма дей аламыз. Әдейі көп тоқтағанымз бұл қазақ әдебиетіне поэзиямен философияның синтезінен шыққан ірі шығарма. Бұл кітапты поэзиямен жымдасып кеткен айшықты эпитет, қыруар теңеулер мен сөзжасамдар бар. Ақынның шығармашылығы бастан-ақ қазақтың халық әдебиетінен нәр алған болса, бұл кітапта дүние жарлғаннан Ежелгі Египет, Шумер, Крит Микен мәдениеттерінімен сөзталастырып түркілік тілдің тереңінен нәр алып нұрланған творчество. Ерекше күші, әсерлілігі, оның әсем әуезділігі,сөздің киелі тереңдігін кодталған ілім ретіндекөрсетуінде. Қазақ халқының көне ғасыр санасынан қорытылып шыңдалған семантикалық кодталған сөздер Тыныштықбек поэзиясының қаны, ажары көркі дей аламыз. Ақыл-ой ағынындағы бұл сенсорлық кодталған сөздер кеңістік-уақыт шеңберінде еркін қозғалады. Кең шеңберде, уақыттың мәдени тілдік контекстінде дискурс қалыптастырды.
2. Әбіш Кекілбайдың таңқалғанынан да, Әуезхан Қодардың бағалағанынан бұрында Тыныштықбек жыр әлемінде өте танымал еді. Табиғатынан дарынды туған ақынның алғашқы «Ақшам хаттары» жыр жинағында ғажап тілімен көркем суреткерлігінен де керемет тылсым сезілген[8]. Ол ақыры өлеңдер, толғаулар, балладалар болып дүркін-дүркін жасырын қуаттары шалқи келе осылай терең философиялық поэтикалық шығарма болды.Тыныштықбек ақынның туындыларының мәні, танымдық, әлеуметтік, коммуникативтік, сиқырлы-діни, киелі-мифологиялық, тәрбиелік және басқа да алуан түрлі қызметтері туралы еске түсіретіндіктен, жырларының эстетикалық құндылығы таусылмайды. Поэзия дамуына, ақыл-ой өріске жаңа көзқарас ашқан ақынның мұраты да биік.
3. Семиотикалық талдаулар ақын жырындағы ең күрделі Трансцендентальдық философияның нәтижелерін талқылауға болатын шеңберді көрсетті. Ф.Сосюрдің пайымдауынша, тілді семиотикалық жүйелердің бірі ретінде қарастыру барлық әлеуметтік ғылымдардың негізінде жатыр[9]. Тыныштықбек поэзиясында осы тәсіл таным санасының жүйесі ретінде құрылған. Дүние туралы толғамдарында көне сөздердің саралап, жаңаша әрлендіріп түрлендірген. «Тіл тарихы -әдеттегі жаппай және жасырын нысан» [10,340]. Ақын жырлары арқылы осы жасырын сенсорлық кодтарды миымыздың үнемі өзіне мұқтаж болып, ашығып жүретін түйсіктерін жаңа, тың дүниелерімен біздерді сусындатты.Егер біз бір сөз тіркестерін жадымызда сақтап алып, оның ырғағына түссек, онда ұмыт болған сөз тіркестерін байытып, түрліше түсіну өз қолымызда. Бұның өз ойымызда ұйықтап қалған гендік ақпараттарды қайта тірілтуге көмектеседі. Мәдениеттанушы Ә.Қодар «Тыныштықбек поэзиясында қазақ поэзиясының бастауы өз-өзін қайта тапқандай. Ежелгі поэзия бізге белгілі грек және ұрым (римдік) нұсқаларында табиғаттан, жануар әлемінен, космостан ажырамаған күйінде көрінеді.»-дегені осы[5].
Ал енді «Қас Сақ Аңқымасы» кітабының ең соңғы бетін оқысаңыз:
« Бүкіл әлем ойға айналып, ұдайы,
Есім іші –тілдеседі құдаймен!
Оң мен Солдан,
Биіктік пен Тереңнен
Жаратылған Ой жайнайды Өремнен!..
Жұдырықтай жүрегіммен мықшия,
Бас орнына күн көтеріп келем мен!..» -дейді ақын. [4,189].
Сенімен сөйлеудің өзі сұлулық. Сенім деген — құдірет, күш. Тыныштықбекке не айтсада жарасады және айтқанына сенесің. Санадағы ағын ретінде төгілген философиясы, батыс-шығыс философиясының ешқайсына ұқсамайтын таза қазақ даналығының жемісі. Дүние жаралғаннан қазақи дүниетанымдар туралы терең ойлы тебіреністер. Басынан аяғынан дейін оқып отырып, ойыңыз жаратылыстың бастауынан бастап, тарихтың өн бойын шарлап, терең ойға кетесіз. Жан дүниеңізге тағлым дарытып, ой санаңызға ықпал жасауға ұмтылады. «Біз әлемдік деңгейге ойлауға дереу көшуіміз керек. Күллі өнерімізге әлемдік өлшем қажет. Әлемдік өлшемдерге келетіндер ғана классик болуға керек»-деп тоқсаннан асып толғаған, абыз ақсақал Әубәкір Дастанның пікіріне алып қосар сөзіміз де жоқ[11,28].
Тыныштықбек өзін рухта ғана, рух арқылы ғана көрсете алды. Поэтикасының терең мазмұнды ұғымыда — рух. Рухы биік —уақыт рухына сай, өз атына лайық адам. Ол оянған ақын. Ол оянған парасат, мәдениет иесі. Қазіргі уақытта орта ғасырлық діни ұстындар шаужайына жармасып, ноқта киіп, жаппай ескіріп, жаңа заманға жарамай жатқанда,бұзып жарып ақындықтың құдіретін, не екенін көрсете алды.
«Өнер мен мәдениетті қазір тек қызметтік және бұқаралық рухтандыруға қабілетті күш құтқара алады» — деп еуропалықтар ешқашан оптимизмін жоғалтпағанын ескеруміз керек[12,290].
«Сен алақаныңа қара, қолыңа қара сен. Алақан –ес нышаны, он саусақ –он Сезім белгісі. Сондықтан, Қол шеберлігінде шек жоқ.
Сен күнге қара, Ол-аяулы алақан. Ол-Мый! Ол –Қол!..» — деп ой драматизмін арттырып, өз өзіңді тануға шақырады[6,133]. Бұл сөзді жанкешті қазақ қана түсінеді.
Жаратушы «Таңыра», «Күн-Ыра», «Шаңырақ»,«Адам», «Өнер» — деп еңкішкене дүниені жаңартушы, жасаушы деп өнерге ерекше категория берген.«Сен Қассақтың тәңірлік Сөздеріне үңіл, табиғатын таны» -десе, енді бірде:
«Ақыл – көсем Еркек,
Көңіл-әсем Ұрғашы» — деген метаморфозалық шалқулары, интелектуалдық өремен ғана өлшенеді[6,124].Жаратылыстан бастап осы кезге дейінгі түйіндер қассақ танымымен түбегейлі тарқатуға күш салған. Ең қызығы Қассақ оқырманын сендіре алған.
Бұндай толғамдармен кітап іші тұнып тұр. Егерде рас Жаңа Тұран өркениетін жасайтын болсақ ақын жырындай рухы биік халық, өр, өжет, намысқой халық болуымыз керек[13].Тұран әлемінің қара шаңырақ иесі Қазақтың оянуының өзі тарихи қажеттілік.Уақыттың көкейкесті проблемасы да ол жоғалған қазақтың «Есі». Дүние тылсымынан теріп жинап алып шыққан парасат пайымын жырмен ұсынғаны хақ.
Жаны өртене жырлайтын Тыныштықбек-феномен. Ғаламның уақыт кеңістігін ақын-рух бейнесінде еркін шарлап, терең монологпен, философиялық ойлармен ақиқатты түйіндеген.Ұлт әдебиетінің дәстүрінен, ұлттық дүниетанымнан терең нәр алып, жаңашылдық тенденцияны тәңіруи рухпен ұштастырған ақын. Бүгінде шынайы дәуір ақыны бола білген ақынның шығармашылығын, ақиқи өмірдің қазіргі кезінде семантиктер мен филологтардың, социо және этнолингвистердің, тіл философиясы мамандары мен психологтардың, мәдениеттанушылар мен тарихшылардың арасында қатаң жіктелген зерттеулердің бірегей өрісі екенін мойындайтын күн әлдеқашан келген.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Гегель Георг Вильгельм Фридрих.Феноменология духа. М.: Наука, 2000-495 с.
2. Лосев Α. Φ. Мифология греков и римлян/Сост. А. А. Тахо Годи; общ. ред. А. А. Тахо-Годи и И. И. Маханькова. — М.: Мысль, 1996. — 975 с,
3.Ремини Р.Краткая история США.М.: Азбука-Аттикус,2015.480с.
4. Әбдікәкімов Т. Ырауан. Өлеңдар, балладалар, толғаулар. Астана: Фолиант. 2013.-344 бет.
5. Әуезхан Қодар. QAZAQ UNI. Әдебиет сыншысы: Тыныштықбек — қазақтың ғажап ұлттық ақыны. 13 мамыр, 2016
6. Әбдікәкімұлы Тыныштықбек. Қас Сақ Аңқымасы: Өзтаным лұғаты. Астана: «Елорда», 2001-192 бет.
7. Семиотика: Антология/Сост.Ю.С.Степанов.Изд.2-е испра.и доп.-М.: Академический Проект; Екатеринбург: Деловая книга, 2001.-702с.
8. Әбдікәкімов Т.Ақшам хаттары: Өлеңдер, балладалар, толғаулар.-Алматы:Жалын, 1993.-128 бет.
9. Соссюр Ф. Труды по языкознанию/Француз тілінен А.А. Холодовичтің редакциясымен аударылды. М., 1977.54-55б.
10. Лотман Ю. Семиосфера. -Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры. 2019.-640бет.
11.Нілібаев Ә.Д. Темпарамент.Ғаламданудың философиялық проблемалары және дүниенін жаңартудың жобалары.-Алматы: «Мерекенің баспалар үйі» ЖШС, Mereke baspasy, 2012.-584 б.
12.Самосознание европейской культуры ХХ века.Мыслители и писатели Запада о месте культуры в совр. об –ве.-М.: Политиздат1991.-366 с.
13. Берістен Ж. .»Тұран романтизмі»стилі ұлттық өнерді жаңғыртудың өзіндік жолы. Орталық — Азия Өнертану Журналы.№3.2018
Жанарбек Беристенов
Философия ғыл.кан.профессор.
Халықаралық Тұран көркемөнер сыйлығының иегері
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Журналистика факультеті
Баспагерлік-редакторлықжәнедизайнерлік өнер
кафедрасының профессоры
beristen@mail.ru
Алматы, Қазақстан