Turan-kz.ART халықаралық көркемөнер порталы
Тарих

ТАРҒЫТАЙ БАБАДАН ҚАЛҒАН БАЙТАҒЫМ

ТАРҒЫТАЙ БАБАДАН ҚАЛҒАН БАЙТАҒЫМ

Қазаққа жер саралап, Жерұйық іздеген Асан Қайғы бабамыз Сауыр тауының басынан осы жазыққа көз салып тұрып: «Айнала тау болып келетін мынау жазықтың үш есігі бар екен, әттеген ай, төртінші есігі болғанда жердің жұмағы болғандай екен», -деген екен. Осы Тарбағатай, Маңырақ, Сауыр, Сайқан тауларында сақ замандарында кен өндіріліп, Еуразиядағы қола, ерте темір дәуірлерінде металлургияның орталықтары болған. Химиялық анализ алтын әшекейлер 960-970 нұсқаны көрсетіп өндірісітік жолмен алғандығы анықталған. Шілікті жазығындағы обалардан табылып жатқан Сақ патшаларының қабірі, зерттеу бойынша ең көне мәдениетті көрсетеді. Яғни б.з.б VIII-VII- ғасырларда Тарбағатай — өңірінде сақтар мемлекеті болғанын толық көрсете алады.

Геродот өзінің тоғыз кітаптан тұратын тарихындағы төртінші кітапта  «Бұған дейін жан мекендемеген бұл елдің тұңғыш тұрғыны Тарғытай деген кісі болыпты.» — деп жазған[1]. Олар өздерінің тұңғыш патшасы Тарғытайдың билік құрған заманы мен  олардың жеріне Дарий басып кіргенге дейінгі аралықты 1000 жыл өтті деп есептейді екен. Парсы патшасы Дарийдің  скиф жеріне жорығы ж.ж.с.д 514ж.болған. Сонда бұған мың жыл қосып есептесек, скифтер Орта Азидан Қара теңіз солтүстігіне келуі ж.ж.с. дейінгі 1500 жыл шамасы болмақ.  Ал  Тарғытай баба ешқандай аңыз адам емес тарихи тұлға. Негізі Геродоттың айтқандарының көбі архелогиялық зерттеулермен дәлелденген. Геродот: «Скифтердің айтуы бойынша оның(Тарғытайдың)әкесі Зевс, шешесі Борисфен өзенінен жаралған қыз екен» — дейді[1]. Басқа жұрт бұларды өз сөздері бойынша «Өс киһи»(Скифы) атқа мінген үлкен адамдар деген. Бұл атау сырт адамдар қолданған есімдік. Ал Сақ- халықтың өз атауы. Ол кезде скифтерде Зевстің аты Папай болған.Тарғы деген сөзің түркі халықтарында ғана кедесетіні белгілі.Тарғы ағынды тау суы мағынасын береді.Өскемен мен Орал жақтағы жақтағы Тарғын -деген өзенді атап өтсекте болады.Ер Тарғын жырындағы Тарғын деген ноғайлы елінің батыры екені де белгілі. Сақ патшасы Тарғытайдан соң арада 2800 жыл өткен соң Шыңғыз хан туыстарының ішінде Тарғытай есімінің кездесуі түркі тілінің түп атасын және өміршеңдігін көрсетсе керек.

Бұл жерде жер анадан шығып жатқан ағынсу ретінде патша Тарғытай құдай тектес болғандықтан Папай болып тұр. Яғни «Тарғытай Папай», «Тарғы Папай»,»Тарғы- батай»,»Тарғыбатай» болып сингармонияланып өзгерген.

Қазір біз жазып жүрген «Тарбағатай» бұрынғы «Тарғыбатайдың» соңғы орысшаланып өзгерген түрі. Тарихшылар Н.Аристов пен Қ.Халидтің «тарбага» -деген суыр деген сөзден шығаруы еш қисынға келмейді.  Моңғол тілі ешқашан үстем тілге ие болмаған және бұл өңірде моңғолдар өмір сүрмеген. Бүгінгі моңғолдар бос қалған жерге16 ғасырларда Қиыр Шығыстан келген Халха Мәнжурлар болатын. Бұл да ежелгі патшалық заманның мекенін толық көрсетіп тұр. Алтайды- аюлы тау, Тарбағатайды — суырлы тау деуге  еш негіз жоқ. Суыр қыста ұйықтайтын еш киелілік мәні жоқ үлкен тышқан.Тарбағатайда суырдан басқа Арқар да көп. Арқар қайта Сақ заманында өнерде әспеттелген. Түркі монгол жұртында ешқашан тышқан тектес хайуанға таудың атын бермеген. Тау ежелден жердің сүйегі ретінде бағаланып кие тұтылған. Еш мәні жоқ жәй бір тышқанның үлкені суырға таудың атын беру мүмкін емес нәрсе.

Ең қызығы Тарбағатай ауданы деген аудан Бурятияда да бар екен. Бұл сақтардың тұңғыш патшасы Тарғытай бабаның ежелгі империясының ауқымын көрсетсе керек. Өйткені сақ өнерінің шығу отаны осы сібір, алтай тарбағатай аймақтары кіреді. Бұл зерттеуді керек ететін мәселе. Алтай,Тарбағатай тауларымен ұштасатын аса ұзын таулардың бірі Сауыр тауы. Қытайға ұзындығы ішкерлеп кеткен. Сауыр мағынасы «Саури», «Саурақ» деген екі мағына береді.Орын және ханның тағы, тұратын орыны деген[2,568].  Бұл да ежелгі патшалық заманның мекенін толық көрсетіп тұр.

Өр Алтай -деп қазақтар бүгінде Ресей жерінде қалған Таулы Алтайды айтқан. Ол жерде бұрында да, қазірде де Найман, Керей, Меркіттер рулары көп тұрады.»Ағажай, Алтайдай жер қайда» -деген ән қазақтар орыстан ығысқан кезде шыққан ән сияқты. Көп адамдар Тарбағатайды  Еренқабырғамен шатастыра береді. Еренқабырға  деген қытайша Тян Шань. Қазақтар даланы сары арқа десе, арқаның қабырғасы ретінде Ерен қабырға деген. Тянь Шанды жалпы түрік халықтары Тәңіртау деген. Батыс Түркістанның рухани орталығы Қожа Ахмет Яссауи болса, Шығыс Түркістанның рухани орталығы Қашғариядағы Аппақ Қожа мешіті болған.

Тарбағатай теріскейіне қазақ руларының келіп орналаса бастауын деректерге сүйене отырып атақты сексен күнге созылған Шорға шайқасынан соң 1745-1755 жылдар деп топшылаймыз. Дәлірек айтқанда, найманның қаракерей тобына кіретін мұрын, байжігіт, қыржылар Тарбағатай өңірінің қазақтары  Шілікті аңғарына дейінгі аралыққа орналасқан. Төртуылдар Зайсан ойпатының оңтүстігіне – Сауыр мен Алтайға орналасты. Ал, ақнаймандар басында теріскей Тарбағатайдағы Қарғыба, Бөкен, Шегелек өзендерінің бойын жайлап жүрді. Ақжар өңірінде Байжігіттен тарайтын алты Жұмық (оған Болат, Сайболат, Саты, Қожан, Қараша,  Тәуке жатады) пен бес Саты (оған Бұрымбет, Есенгелді, Дәулетбай Қайқы, Төлебай аталары жатады) ұрпақтары тұрады. Бұл қоныстану туралы тарихшылар Н.Аристов, Қ.Халид. Н.Мыңжани сияқты айтулы ғаламдардың пікірлер аса мол[3,83б].

Тарбағатай тауының ең мол ұшырасатын жер су аттары тікелей Бәйжігіт ұрпақтарының аттарымен аталады. Осының өзі ел жұрттың әлеуметтік өмірбаянын толық қамти алады. Қалмақтардан жерді  азат ету үшін соғысқан кезеңнен бастап тарихи оқиға жерлеріне, енші алып қоныстану сияқты тарихтың іздері нақты айғақ мысалдармен деректемелік мазмұнға ие.

Осы соғыс кезінде ең алғашқы кісі есімімен аталған жер ол Болат су өзені. Яғни Жұмықтың үлкені Болаттың шекералық аймаққа келіп бекінген жері деп айтылады.

Сеңгір тауының атауы  биік, заңғар деген мағынадан басқа көне түркі сөздігінде «Сеңір» тау тұмсығы деген мағына  береді[4,487]. Кейде Тұмсық тау деп атайды. Маңырақ тауының шатқалындағы биіктігіндегі жаңғырықтардың түрлі естілуінен болса керек. Маң түбір сөзі тыныш, баяу деген мағына береді.Соған қарағанда Қозы Маңырақ, Қой Маңырақ деп әр дауыстылығына қарай қойылса керек.

Қарақалпақ — деп аталатын тау бұл Маңырақ пен Сеңгір тауының ортасында өзінше жеке бір оқшау төбе. Бұлай аталуы да өте қызық. Жоңғармен соғысқан қазақтар мен бірге қарақалпақ әскерлері соғысқан екен.Тарихта да солай. Олар кезінде Батыс қалмақтар қарақалпақтарды бірге көшеміз деп күш көрсеткенде Қабанбай әскері көмекке барған. Содан олар қалмаққа  қарсы қазақтармен бірге соғысққа қатысқан. Қалмақты талқандаған соң қарақалпақтардың ішіндегі басқа рулар  ұлы жүзбен, кіші жүздегі өз руластарына қосылады. Бармай қалған Балталы Найманның 18 отбасы найман болған соң  осы тауды мекендеп қалады.Сол кезде Шанышқылы Бердіқожа батырмен ілесе оңтүстікке кеткен қарақалпақтың шанышқылылары сол руда әлі де бар.Өздерін Шанышқылы ішіндегі қарақалпақпыз дейді.

Бірақ 18 отбасының тарихы Бәйжігіттердің арасында басқаша өрбиді. Соғыс тынышталғандай болып тұрған кезде  бірде Бәйжігіт Қараша ұрпақтарының бір үйір жылқысы жоғалады. Іздеушілер ақыры қарақалпақтардың бәрін сойып үңгірге тыққан жерін табады. Содан Саты мен Жұмықтың билер бас қосып үлкен жиын болады. Ақыры ақылдасып бұлар ертең көбейіп жерімізде талас тууы мүмкін. Қазір ұсталып тұрғанда күштеп әр сүйекке таратумыз керек деп таратып жібереді. Көбі бұл күнде сіңіп кеткен. Білетін ақсақалдарға ғана түгендеп олардың тегі сіңген қарақалпақтар деп айтып отырады. Мен білетін ондай отбасылар Киров ауылындағылар Есенгелдіге сіңген. Жалғызтал мен Жетіаралда тұратындары кімген сіңгендерін құнттамай ұмытып қалған.

Тарихи оқиғалармен байланысты  Қызалашшы да Мәнжүр шатқалы деген жер бар. Мәнжүр қалмақ батырының есімі. Тарбағатайды жоңғардан толық азат болғаннан кейін,  қалмақпен  ең соңғы соғыста Жәуен мерген өлтірген[5]. Одан басқа қалмақтан қалған жер аты ол «Әмірсана жамбылы» деген қамал ғибадатхана орыны. Жоңғардың соңғы билеушісі саналатын Әмірсананың есімімен тығыз байланысты. Ақмектеп ауыл жағындағы қалың шидің ішінде балшық кірпіштен соғылған орыны үйіліп жермен жексен болған[6].

Жұмық Қарашаның Қосантайының ұлдары Бірқұстай жерін, Қарашаның Шоқайлары Үшқайшыны, Қарашаның Биеттері Қырықошақ деген жерді соғысып алған. Қарашалар қырықошақ жасап жеңіс тойын тойлаған, содан Қырықошақ деп аталған екен[5].

Баламның кегін алам деп Таңатарұлы Ер Шақабайдың салған әр ұрысы Қандысу өзенін қанға бояған екен. Баласын өлтірген қалмақтың батырын да өлтіріп, қырық сарбазымен қоса суға тоғытқан. Қандысу өзені бойын жағалап қалмақты шапқан жорығынан  су Қандысу аталған деседі[5].

Терісайрық өзені  өз бастауын тау бастауынан алып теріс солтүстік шығысқа қарай ағады. Бірақ аға- аға айналып басын қайта Ертіске құяды. Содан Терісайрық аталған. Қазақ жерінде осындай Терісаққан деген өзендер бар. Теріс (айрық) бөлінген деген мағынамен ерекше Терісайрық деп аталған.

Қытайға асатын биікте Етікшінің асуы, Қызылашы, Қотанашы деген жерлер бар. Осы Қызылашыны Асан қайғы бабамыз көріп «Шіркін өңгерілсе, өңгеріп алып кететін жер екен» -деген екен. Қызылашшының ауа райы бір қалыпты жылы қарсыз, мал жанға өте жайлы жер деп айтады.

Киіз үйлер шеңбер болып, есіктерін ортаға қаратып орналыстырылуын тарбағатайлықтар қотан деп атаған.Көне түрік сөзідігінде «ашу» тігу мағынасын береді.Сонда қотан тігу  сөздерден Қотанашу,  кейін өзеріп Қотанашшы  деген жайлау жер атау қалыптасқан. Осы сөздікте «Қызылашу» деген көнге қыз тігіп оқ атысу деген мағына береді[4,315].Тарбағатайдың шоқыларын қалмақтан тазартқанда қалың олжаға кенелген аталарымыз тұтқын қыздарды көңге тіккен екен. Оған тек үйленбеген жас жауынгерлер қатысқан. Кім мерген сол алады. Содан «Қызылашу» сингармонияланып «Қызылашшы» аталған.

Тарбағатай тауында Сартай биігі, Кетең, Бабахан, Жаңқар шатқалы бар. Бұлардың бәрі кісі аттары. Одан басқа қыстаулықтардың бәрі кісі аттарымен қойылған. Осыған қарап ата бабаларымыздың енші алып тұрақтаған  жылжу картасын көруге болады.

Бозшада Таңатарұлы Ер Шақабай батырдың қыстауы бар. Шақабайдың қыстауы кейін 1941жылдары соғыс кезінде сиыр фермасын ашқан  соң Сиыр бозша аталған.

Негізі Бәйжігіттер мал шаруашылығымен қоса егіншілікпен де көп айналысқан. Көбінесе Кеңес заманынан бұрын тарыны көп екен. Сонымен бірге қытайдан тапсырыс алып  апиын еккен. Жетіаралдың үстінде 1932 жылдары Болат, Қараша, Бегетай, Қарақай ұрпақтар тоғамдар салып суармалы егін еккен. Ең керемет жоба  Жаңаталап ауылындағы Бұрымбеттердің тоғамы. Терісайрық өзенін шатқалдардың шетін тастан өріп нағыз канал ретінде жасап, суды 40 гектар жазық жерге жеткізген. Ол кезде қазақ даласын жаппай ашаршылық жүріп жатқан кез.Тоғам жасап жазыққа таудың суын бұрып шығарғаны, ол кезде білекті инженер мамандар болғанын толық көрсете алады.  Тарбағатайдың күнгей бетінде(арғыбетте) Аққаптал, Қайыңды, Қырқошақ, Бұрқыстай жерлерінде алғаш тоғам жасап, «Қараша- Саты» елін егіншілік өндірісімен шұғылдануды бастаған. Өткен ғасырдың басында Жәбен Сәтбай ұлы деген кісі осы тоғамдардың жүру жолдарын жобалаған бас инженер болған. Ал теріскей бетінде бұрымбет тоғамын жасаған белгілі адамдар болған.

 

 

Cурет-1.Бұрымбет тоғамы.

 

Жетіарал ауылының шығу тегінде Қандысу өзені тасығанда жеті арал қалдырып ағады екен содан шыққан десе, енді бірде Қандысу өзеніне құятын жеті ағын бұлақ қарасу бар содан аталған  дейді.

«Атыңнан айналайын Жетіаралым,

Қандысу қасындағы жеті ағын» -деп атақты Жанұзақұлы Әрімжан ақын да жырлап кеткен[7,83].

Жетіралдың тұрған жерінде тауға дейін кең жазық бар. Бұл жерде археологияға белгісіз зерттелмеген біраз сақ қорғандары да жатыр. Жетарал туралы Асан қайғы бабамыз да;

«Аспанға қарасаң жұлдызы жақын,

Бұл жерде өскен ұрпақ бағың,

жерге қарасам майы жақын,

Суарсаң байлық болар маңың» -депті. Жетіарал ежелден сауда- сатығы мол қызу мекен болған. 1916 жылы «Жеті арал жерім ай» -әнін шығарған әнші Қали деген -деп айтыскер ақын Қ.Алтынбаевта жазып кеткен[8]. Осы Жетарал ауылының ескі орнынын «Қытай қалашық»- деп бөледі. Тіпті Ресейдің астанасы Мәскеуде де қытай қалашық деген жер бар. Көшпенді жұрт барлық домалақ қоршауды «қытай» -деп атаған. Біз қытай мемлекеті деп жүрген халық өздерін «жуңголықтармыз»- дейді. Жунго мемлекеттің аты болса ұлттары олардың Ханзу.  Қытай десең шамданады. Ал Ұлы қытай қорғаны дұрыстап қараған кісіге жуңголықтарға қарсы салынған қорған екенін байқайды. Қорғанның қаланған жобасы солай. Бұл әлі болатын тарихи дау дамайдың басы ғана. Ресей ғалымдары осы жуңгоны шатастырсада, әдейілеседе  қытай деп жазып жіберген. Қидан (Қытай, Хатай) атаулары Ұйғыр қағанаты 840 жылы құлаған соң орнына пайда болған империя. Бұлардың бәрі қытай деректерінде ғұндар аталған.

Тарихымыздың айтылмаған, жазылмай келе жатқан қатпарлары әлі көп. Қабанбай батыр басқарған қазақ әскері жоңғарды қай жерге дейін қуғаны еш тарихта нақты айтпайды.Тек жоңғардың қазақ жерінен Іле өзенінен арғы бетке өткені қана айтылады[9,127]. Бұл бүгінгі шекара. Ол кезде шекера аймағы бекімеген.Тек 1883 жылдары ғана бекігенін ескеруміз керек.

Әлі күңге дейін  Қытайдағы Іле- Қазақ ауданында Қабанбайдың жүрген жерлері сайрап жатыр. Қубас аттың асуы, Қабанбайдың асуы, Қабанбайдың түйесі өлген  Түйебас деп аталған жерлер  бар.

Бала кезде естіген, аталарымыздың айтуы бойынша Боғды тауы мен Тибет тауларының ортасында кең жазық бар, ол бұрын «Қытай қақпа» аталған деседі. Дәл осындай жер Тарбағатай мен Алатаудың ортасын «Жоңғар қақпа» дейді. Қазір Қытайдағы ол жазық сай Ақсай ауданы деп аталады.

1771 жылы Жоңғар жері босап қалды деп батыстан Еділ қалмақтары қоныстарын тастап қазақ жері арқылы өтуге күш салады. Атақты Шаңды жорық аталған бұл соғыста тарихта көп жазылғанмен негізгі шайқас болған жерлері жазылмады. Арттарынан қалмай қуған қазақ қолы Ақтөбе, Жезқазған облыстарында қазіргі күнде «Қалмаққырылған» деп аталатын жерлерде аямай талқандаған. Қалмақ үшін бұл табан тірескен ұрыс емес, ұзақ сүргінге ұласқан ауыр көш болады. Күн озған сайын тоналып, қатары селдіреген қалмақтардың қарулы тобы ғана Жоңғарияға іліккен.

Аталарымыздың айтуы бойынша Қазақ әскері «Қытай қақпаға»  дейін жоңғар әскерін қуып ары қытайға өткізген. Манжур(Цин) қытайлары сол жерде жоңғарды қырып, қалғанын бодан  қылған. Сол кезде қытайдың он мың әскері қазақтармен соғыспаққа жақындапты. Қазақтарда жауынгер мың сан ғана екен. Қабанбай батыр  шегінбей соғысамыз, біз шегінсек олар қазақ жеріне қаптайды деп ұрыс салған. Ақыры қазақ қолы  Цин қытайлары әскерін талқандаған. Кейінде бірнеше дүркін соғысқан. Бұл ауыз әңгіме әлі тарихи зерттеуді керек етеді. Қазақ хандығы өзінің жаңа көршісі Цин империясы әскерлерімен соғыс жағдайына келіп, кейін бітімге келді.

Кейін жоңғарлардан қалған жерлерге тікелей құқығымыз бар деп есептеген қытайлар ол жерлерден қазақтарды ығыстырған. Өздері мойындағандай жаңа өлкені «Шыңжан» деп атаған. Шыңжанның мағынасы жаңа шекаралық аймақ деген сөз.  Соған қарамастан өздері жоңғарлардан босатқан осы өлкелерге ұмтылуларын Тарбағатай өңірінің қазақтары тоқтатпай күрескен. Негізі Жоңғар мемлекеті қытайдың Үрімжі қала жағында жоңғар ойпаты деген жер бар, сол жерде пайда болған. Оның жер құрамына Байкал, Алтай, Шығыс Сібір аймақтары кірген. Кейін күшейген тұста қос империяның айтақтауымен қазақ жеріне лап берген. Жоңғар мемлекеті құрығанмен жоңғарлардың аман қалған бөлігі  халқы моңғол, қырғыз, қазақтарға сіңіп кетті. Жоңғар мемлекеті жоғалған соң Алтай өңіріне ата жұрты ретінде Керей руы қайта қонстанады.

Нағашым Тауашов Зейнелғаби арғы тек шежіре өлең жырды көп білетін еді. Кенесары ханға қатысты әңгіме айтқанда қызынып, қырғыздардың тегі жоңғар ғой, Қазақ жеріне жоңғармен бірге келген деп отыратын. Кейін жоңғарлармен бірге  Нарынқол, Кеген, Қордай жақтарды басып алған. Қазақтардың Абылай хан бастаған Қырғыздардан жерді азат ету соғысына Бәйжігіттер әр сүйек ру елу әскерден ғана шығарған екен. Бәйжігіттердің басты бағыты Тарбағатайды толық азат етіп қорғау болған. Соғысқа қатысқан Бәйжігіттер қазақ қолы қырғызды талқандаған соң тұтқын қырғыздарды әкелмеген. Қырғыздарды кіші жүзбен ұлы жүзге, Көшетаулық Арғындарға, Садыр мен Матай наймандарға шашыратып жіберген деп айтатын. Жоңғар соғысындағы қырғыз мәселесі де, Отаршыл Ресей саясатынан аршып жазу тарихымыздағы өзекті тақырып екені сөзсіз.

Бұл күнде Тарбағатайдағы ерекше айтылатын Ақмектеп деген ауыл бар. Мектепті Кеңестер Одағы заманынан бұрын атақты «Үш жүз» партиясын құрған Көлбай Төгісовтер мен атақты көзі ашық байлар  салған екен. Кейін ауылдық мекен Ақмектеп аталып кеткен. Ең алғаш бұл мектептен инженер физик, тарихшы, тех.ғ.к, профессор Қалибек Данияров оқығанын, Совет косманавтикасына еңбегі сіңген, Байқоңырда  инженер болып қызмет еткенін біреу білсе біреу білмес.

Қазіргі уақытта Шығыста Тарбағатайды Барқытбел атауымен шатастыру орын алып келеді[10]. Барқытбел шағын тау  етегіндегі жазық белдің аты. Бір асудан өткеннен кейінгі жазық жер бел деп аталады. «Асу -Асу белдерден» -дегенде асу ол биіктігі бар  өткел.  Ал белдің биік таулардандағы кезеңге қарағанда салыстырмалы биіктігі аласа болады делінген (ҚҰЭ). «Созылып ұйықтап бел жатыр,Төсін көріп көл жатыр» -деп М.Жұмабаевтың жырында жазықтықты көрсетіп тұр[11]. Сарыбел,  Күреңбел деген жер атаулары түстеріне, табиғатына  қарай айтылған атаулар. Сол сияқты Барқытбел аты айтқандай жайқалған жазық ойпатты, үнемі жап жасыл болып жататын, барқыт десе дегендей  жазық бел. Ол қытай жерінде. Шекарадан асқанда Тарбағатайдың бір сілемі бөлек қаратау бар сол өңір. Сол тауымен қоса, оның бөктеріндегі жазиралы аңғар осы барқытбел деп аталады.

Тарбағатай тауының сілемдері көп тау болғандықтан әр қайсының атауына байланысты шатасу орын алған. Тарбағатайдың теріскей бетіндегі  Маңырақ тау,  Қарақалпақ тау, Етікші тау, Жылқы кетпес тау, Арғанат тау, Жайыр тау, Әлжан тау, Құсмұрын тау т.б сияқты және Жұңго жерінде, яғни  күнгей бетіндегі Майлы, Мұқыр, Барқытбел, Қырқошақ, Бұрқыстай, Аққаптал, Қайыңды, Шалатай, Қожыр тауы сияқты сілемдер көп.  Ең қызығы Тарбағатай ауданы деген аудан Бурятияда да,  Байкал көлі жағында да  бар. Бұл сақтардың тұңғыш патшасы Тарғытай бабаның ежелгі империясының ауқымын көрсетсе керек. Өйткені сақ өнерінің шығу отаны осы сібір, алтай тарбағатай аймақтары кіреді. Алтай,Тарбағатай тауларымен ұштасатын аса ұзын таулардың бірі Сауыр тауы. Қытайға ұзындығы ішкерлеп кеткен. Сауыр мағынасы «Саури», «Саурақ» деген екі мағына береді.Орын және ханның тағы, тұратын орыны деген[2.568].  Бұл да ежелгі патшалық заманның мекенін толық көрсетіп тұр.

Ал Зайсан көліне келсек ол атауды бұрында да, қазірде де  үлкендер ауыз екі әңгімеде Жайсаң деп атайды. Зайсан орысша жазылған нұсқа. Болашақта қайта қазақшалануы керек ақ.

Бұрын «Нор Зайсан»- деп орыстар Патшалық Ресей кезінен солай жазып келген. «Нор» -қалмақша көл деген мағына береді. Жайсаңның аты қазақша айтқанда суы мол, жағасы жайдақ, кемері кең, жиегі жадағай, жалпақ аймаққа жайылып жатқан жайлы көлді жайсаң деген сөзге еш түсіндірме керек емес те. Жайсаң деген жер аты қазақ жерінде үшеу. Біреуі Ақтөбе облысы Ресей шекарасындағы теміржол түйісетен жер. Бұл күнде «Жайсаң»- шекаралық бекеті бар. Екіншісі Жамбыл    облысы, Шу өзенінің аңғарындаVІІ-VІII ғасырларда Батыс Түрік қағанатының орталықтары болған, түркі дәуірінен  бізге жеткен, мәдени-тарихи мұраларға бай  — Жайсаң жері. Бұл жерлердің бәріне қалмақ пен моңғол ат қойды деген еш қисынға келмейді.

Зайсан көлінің тайдай тулаған балығы мен оны мекендейтін аң-құстары, әсем табиғатты  көл жағасында Бәйжігіттен тараған Тоғастар мен Тәукелер көп тұрған. Мал мен балық шаруашылығымен айналысқан. Олардың көбі дәулетті болған. Сондықтан Тоғастың байлары көп болғандықтан жер аты Байтоғас аталған ауылда бар. Осыған ұқсас  жер аты Өскеменге барар жолда Найманның ішіндегі Бура руы тұратын,  бай Буралары тұратын жер де Байбура деп аталады.

Көлдің ішіне сұғына кірген мүйісті жер ежелден Тұғыл ауылы аталған. Бұл тұрғыда Қазақстандағы топонимика ғылымның негізін салушы Р. Қонқашбаевтың пікіріне жүгінсек: « Тұғыл- (Тарбағатай) аумағында кездесетін елді мекен атауы. Атау моңғол тілінің Төгел (тораңғы) сөзінің дыбыстық өзгеріске ұшырауынан туындаған.   Ертеректе ауыл маңында тораңғы өсімдігі көп өскен. Біздің зерттеулерімізде тораңғы, Тұғыл, Ұласты фитонимдерінің моңғол (қалмақ) тілінен енгені анықталды», – деп ғылыми тұжырым жасаған[12].

Бұл анықтаманың дәйегі жеткіліксіз. Тораңғы деген өте сирек кездесетін  ағаш.Негізі  шөлейт жерлерде және ескі өзен аңғарларда өсетін Жыңғыл тектес бұта.Ол көл жағасында өспейді.

Тұғыл ол —  «Түгіл»  сөзінің дыбыстық өзгеріске ұшырауынан туындаған. «Түгіл» сөзі көне түрік сөздігінде «түйін», «түйілді» деген мағана береді[4,179]. Көлге ішкерлей кірген мүйістің түйілген жері мағынасын береді. Ол туралы тарихи дерек көп. Көзкөргендер тұғыл жеріндегі ескі мүиістің ішкі кріңке жері болғанын біледі. Тұғыл кеме тоқтауға қолайлы жерде орналасқандықтан су жолы арқылы қатынайтын Ресей мен Қытайдың сауда кемелері аялдайтын ірі кемер айлақтың бірі болған. Су жолының айлағы ретінде кемемен сауда сатық қызып тұрған. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңында Ертіс өзені бөгеліп, Бұқтырма ГЭС-і салынды. Бұл Зайсан көлінің деңгейінің көтерілуіне әсерін тигізді. Көлдің жағасындағы Тұғыл мүйісі су астына кетіп Жаңа Тұғыл аталған ауыл жасалған.

«Байболдың Кемер қонысы» — деп Әрімжан ақын  жырлағандай, Байбол үш Байжігіттің бірі хан Тоғас батырдың баласының жері болған[7,126]. Қазіргі Тұғыл ауылы орналасқан жерде — Байболдың Жомарт деген ұлының қыстаулық орыны.

 

Ал Ұласты атауын 1962 жылы екі колхозды біріктіру кезінде қосылды деген мағында Ұласты деп жазушы Сәбит Мұқанов қойған.

Бозша жер аты «Бошұ» деген қоя беру деген мағынадан шыққан[4,358].Бозша жері тау қоршалған кең жазық жерде суда мол.Малды еркін жіберуге арналғандай.

Ертіс өзенін түсіндірмеде М.Қашқари «Кім тез өтеді» деген мағынада қолданылған деп түсіндірген[4,127]. Ал Рашида ад Диннің атақты тарихнамасында Ертістің бас жағын Кук Ардиш(Көк Ертіс) деп жазған екен[2,50].

Етікшінің тауы Етікті тіркесінен шыққан. Мағынасы жетілетін, ет алатын мағына береді [4,229].Етікшінің асуы қоңыр салқын малға жайлы жер.Соған мегзеп қойса керек.

Жетаралда Қарасу өзені аяғын Есіл деп атайды. Есілдің мағанасы азайу, кему деген мағана береді [4,320].Cол сияқты Семейдегі Шар өзенінің аты да қатты аққандағы дауысына балап қойылған [4,382].

Қазақ жерінде үш Арғанаты деген таулар  бар. Біріншісі  Балқаш Алакөл ойысындағы ұсақ шоқылы тау. Екіншісі Ұлытау сілеміндегі Үлкен Арғанаты, Кіші Арғанаты деп аталатын қос тау.Үшіншісі Тарбағатайдың Шет Ласты өзенінің бойынан шығыстан батысқа созылған Тарбағатай тауынан Ертіске көлденең жатыр. Естай ақынның «Ертістің арғы жағы Арғанаты», Әрімжан ақынның «Жерім бар аталатын Арғанаты» деп жырға қосқан осы Арғанаты. Арғанаты тау сілемі «Арғу» және «қанат» деген сөздің бірігуінен шыққан[4,157]. Арғу сөзі екі таудың арасы деген мағына береді.Екі таудың арасындағы жал, қанат тәрізді болғандықтан Арғанат аталған.

Толағай атты тау қазақ жерінде төртеу бар. Қарағанды облысының Шет ауданында, Жамбыл облысында, Шығыс Қазқстанның Қалба жотасының сілемінде.Оны кейде «Тақия тау» деп те атайды.Төңкерілген қазан тәрізді, төбесіне қарасаң айдың толық бетіне де ұқсас. Белгілі ғалым, ака­демик Рәбиға Сыздықова толағай этнониміне »жеке тұрған төбесі тақыр тау» деген ой қозғапты. [13].  Ол кісі бұл сөздің шығуы бас, басшы, бастық деген мағынаға да жақын екенін жасырмайды. Алай­да Толағай туралы аңыз  еліміздің шығыс өңі­ріндегі халықтың есінде бірнеше ғасырдан бері сақталған хатталған.

Шілікті жазығы батысында Тарбағатай тауы, оңтүстігі Сауыр тауы, шығысында Сайқан мен Маңырақ тауларының арасында жатқан қалың шілік өсетін, бұлақ көзі мол, құнарлы кең жазық алқап. Осы шіліктінің Қазақстан мен Қытай шекарасындағы Шағаноба атауыда ескі түркі сөзі. Мағынасы Жазық, тегіс деген екінші мағынасы жарық деген мағына береді[2,568]. 

Қызықты атаулардың ішінде «Бүріннің желі» — деген жел бар. Бұл  Жаңа Бозша деген жерде аяқ астынан алай — дүлей болып соғатын желді айтады. Халық аузындағы аңыз әңгімелердің бірінде, ертеде сол маңайда Бүрін кемпір деген өте долы адам болған екен. Қайтыс болып сол жерге жерлеп болғанда алай — дүлей жел соғыпты. Аңда санда шығыстан батысқа қарай алай дүлей осы соғып тұратын желді «Бүріннің желі» дейді.

Осындай қызықты желдің аты Тарбағатай тауының жотасынан теріскейге күзде індетіп соғатын жел «Күзуін» деп аталады. Яғни күзде індетіп соғатындықтан аталған. Ол жерде Күзуін күзет шекара бекеті бар.

Үшінші жел Шілікті жазығынан көктемде соғатын қарасай атты жел.  «Қарасай соқса қар қалмас» — деген сөз бар. Сай саладағы соңғы қарлардың ерітіп жердің қарасын шығаратындықтан қарасай аталған.

Төртінші жел Тарбағатай желі деп аталады. Жазда таудан самал боп  көлге қарай соқса, қыста жайлы қоңыр салқын жел таудан етекке түскенде жылы болып тұрады.

Мақаламызда байқағандарыңыздай тарбағатайдағы жер су аттарында ешқандай моңғол сөзінің жоқ екенін, керісінше көне этнотарихпен терең байланысқан түркі сөздері екенін байқайсыздар. Тарбағатай жұртының жөн сұрасуында да өзіндік ерекшелік бар. «Қай елдің баласысың»,  не «Сүйегің қай ел»- деп сұрайды. Сүйегің қай ел — дегені бергі жетінші атадан бөлінетін тегіңді сұрағаны. Ал шеткері елге шыққанда ғана ру сұрасады. Зерттелмей жатқан мәселенің бірі ислам діні орныққан кейін Батыс Түркістанның рухани орталығы Қожа Ахмет Яссауи болса, Шығыс Түркістанның рухани орталығы Қашғариядағы Аппақ Қожа мешіті болғанын ғылыми дәлелдердің жеткіліксіздігі. Біз аталарымыз айтқанмен Қашғариядағы Аппақ Қожа мешіті туралы біліміміз жеткіліксіз және болашақтың еншісіне қалдырамыз.

Мақаламызда біз негізінен Тарбағатайдың қазақстандық аймағы, яғни теріскей бетіндегі бұрын жеке аудан орталығы Ақжар болған Тарбағатай  қарастырылды. «Біздің қазақ — жер аты, тау атын әманда сол ортаның сыр — сипатына қарай қоя білген жұрт» — деп ұлы Мұхтар Әуезов айтқандай сан алуан сырлармен, туған өлке тарихынан мол дерек табады.

Біздің тарихымыз  тас дәуірінен, сақ дәуіріненде, ата бабаларымыз соғысып өткен жер су аттарында, шежіре тарихымызда да сақталған. Уақыт жылдам өзгеріп, талай адам ауылдан көшіп, білетін қарттар да  қалмағандай. Мақаламды  бала кезімізде жүрегімізге асқақ сезімдер қалдырған,  кезінде естіген аңыз хикаялар мен шежірелері негізін еске алып уақытын құрдымынан аман қалу үшін жазып отырмын. Шежірелік айғақ деректердің қашанда аңғартары көп болатыны белгілі. Ал халық жадында сақталған тарихи айғақ деректерді бағалау уақтың еншісі деген ойға ден қойдым. Мен өз білгенімді оқырмандармен этнотопонимдерге, аңыздық тұрғыдан емес деректану, тарихшылдық   бағытында ғана ой бөліскім келді. Шағын бір аудан көлемі болсада жер атауларын лексикалық құрамына және мағыналық ерекшеліктеріне қарай төмендегінше топтауға болады:

1.Ру аттарына(этноним) қойылған атаулар

2.Кісі есімдеріне(аетропоним) қойылған атаулар.Оның кейбірі гидронимдерге ауысқан.(өзен атаулары).

3.Көне сақ, түркі және қазақ тіліндегі атаулар.

4.Түрлі атауларлардан қойылған.

5.Тарихи оқиғаларға байланысты қойылған жер су аттары болып бөлуге болады.

Ең бастысы қазақ жер су аттарын ресейдің патшалық және кеңестік идеологиясы кезінде жүргізген зерттеулерде неғұрлым моңғолдық деректерге негіздеп жазғаннан  аршып алу керек. Бұл астыртын саясаттың астында қазақтың жері жоқ деген түсінік жатқаны анық. Біз осыдан сақ болып қазақтың барлық жер су аттарын қайта қарауымыз уақыт талабы. Зертеумізде жер су аттарынің еш моңғолдық негізі жоқ таза түрік тілінің қорынан шыққанын көруге болады[14].

Жер — су аттарына терең үңілген сайын, ғасырлар қойнауынан сыр тартып, ел мен жер, туған өлке тарихынан табылған мол дерек халықтың өмірмен тығыз байланысты екеніне көзіміз жете түседі. Киелі мекен, Тарғытай бабадан қалған қасиетті жеріміз Тарбағатай туралы жазар тарих мол.  Тарбағатай мен Алтай әлемдік өркениетің алтын бесігі ретінде тарих ғылымы мойындағанмен жүйелеу жұмыстары  әлі жасалуда. Египет, Шумер, Қытай, Үнді мен Еуропа жұртының мәдени бастаулары металургия өндірген біздің ата баба жұртымызға тіреліп тұрғаны  мойындалғанмен, саяси тарихтың көлеңкесінде қалып келеді.Уақыт пен ұрпақ алмасқанмен туған жердің тарихын білетін сана жоғалмасын. Ұлттық тарих пен мәдениетті сақтап қалу жолындағы алғашқы қадам осы ономастика, топонимиканы білуден басталса керек. Тарихымыздың рухани отаршылдығының тамырларын тек ғылыми дәйекпен құрта аламыз. Туған жердің әр тасының атауы, сан алуан толы сырлары сарқылмайтын тақырып. Лайым,туған жердің тұғыры биік болғай!

 

 

Пайдаланған әдебиеттер.

 

  1. Геродот. История в девяти книгах. Изд-во.»Наука»,Ленинград.1972.

2.Рашид Ад -Дин Фазлуллах Хамадани.Жамиғ Ат Таурих.Көп томдық.1-том.-Алматы.Фолиант.2018-595бет.

  1. Аристов Н.А. Заметки обь этническом составе тюркских племень и народностей. С.-Петербург. 1897. 171 с.83 с.
  2. Қашқари М. Түрік тілінің сөздігі:(Диуани лұғат- ит- түрік): 3 томдық шығармалары жинағы.1997ж. — Алматы: ХАНТ., -528 бет.
  3. Берістен Ж. Ойратқа ойран салған Ер Шақабай.»Дидар».23 тамыз.2018
  4. Асылбеков М. Қ. Әмірсана жамбылы.YA-STUDENT.KZ.жастар білім беру порталы.

7.Жанұзақұлы Ә. Дүние-керуен:Өлеңдер, дастандар. Құраст. /Қ.Игісін.Алматы: «Толағай» баспасы, 2006.-336 бет

  1. Ақтайлақ шежіресі.-Алматы: «Хантәңірі» баспасы 2015.-160 бет.
  2. Мағауин М.Қазақ тарихының әліппесі.-Алматы: Қазақстан.1995,2008 бет.
  3. Барқытбел баурайындағы баба тойы.Qamshy.kz.03.08.2018
  4. Қазақ әдеби тілінің сөздігі.Он бес томдық.3-том.-Алматы:»Арыс» баспасы,2006.-Б-Б.-744 бет.231 бет.

12.Құмаш  Тлебалғанов. Baq.kz Бұл тұғыл -қай тұғыл?14шілде.2016

  1. Жанәділ Бектұрсын. El.kz.»Алаш айнасы»19.09.2013.

14 Берістен Ж. Тарбағатай тауларындағы жер су аттарындағы тарих пен аңыздар. Еуразия халықтарының тарихи–мәдени мұраларын зерттеудің өзекті мәселелері: Халықаралық ХV-Еуразиялық ғылыми форумның материалдары. Жалпы ред. басқарған Е.Б. Сыдықов. – Астана: Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ, 2018. – 510 б. қазақша, орысша.278-283 бб.

Жанарбек Берістен
профессор, философия ғ.к Т.Жүргенов ат.ҚҰӨА
Халықаралық Тұран көркемөнер сыйлығының лауреаты

Ұқсас жаңалықтар

Мәскеу және Новосибирск университеттері скиф ақсүйектерінің бет-әлпетін қалпына келтірді

Turanart

Серікбол Қондыбайдың еңбектері негізінде түркі мифологиясын зерттеу мəселесіндегі проблемаларды шешудің жолдары

Turanart

«ҚАҺАРМАН» АРХЕТИПТІК ОБРАЗДАРДЫ БЕЙНЕЛЕУДЕГІ АҒЫМСАЛЫ ДҮЗЕЛХАНОВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ КАНОНДЫҚ ПРИНЦИПТЕР

Turanart

1 пікір

Нұрмұханбет 10.04.2022 at 12:03

Тарғы мен Тарғын əр түрлі мағыналы сөздер.Ай мен Аю сөздері сияқты.Өзеннің аты Тарғын емес Торғын. Бұл өзеннің суының торғын түсіне байланысты қойылған.Ақсу Көксу Қарасу деген сияқты.

Жауап беру

Добавить комментарий для Нұрмұханбет Пікір жазу қажет емес