Turan-kz.ART халықаралық көркемөнер порталы
Ел тынысыЖаңалықтарМәдениетРуханиятТарих

ЕЛТАҢБАНЫ ӨЗГЕРТУ ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫМЫЗДЫ ТӘРІК ЕТУМЕН БІРДЕЙ

ЕЛТАҢБАНЫ ӨЗГЕРТУ ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫМЫЗДЫ ТӘРІК ЕТУМЕН БІРДЕЙ

Жанарбек Берістен
Суретші, сыншы, философия ғ.к.
әл Фараби атындағы ҚҰУ профессоры
Халықаралық Тұран көркемөнер сыйлығының иегері

Қазір отыз жылдан асса да тәуелсіздікті сыйламайтын, не тіл білмейтін, не рәміздерді ұқпайтын тобыр топтың елдігімізге қарсы белсенділігі артуда. «Жаңа адамдар» қозғалысы дегендер көп адам түсінбейді деп сауалнама жүргізсе, өздерін «иделогиялық блокпыз» деп перде жамылғандар рәміздерді қайта қарау керек деп, бір ай бұрын сыбыс таратып мәселені ақыры күн тәрбіне шығарды.
Мемлекеттік рәміз рух беруші патриоттық сезім дарытатын қазына. Адам мен қоғам өмірін байланыстыратын мәдени феномен. Рәміз тарихи санамен жан-жақты байланысты көп мәнді күрделі құбылыс. Ол өзінің рухани психологиялық және эстетикалық ауқымының кеңдігімен ерекшеленеді. Оның ұлттық дүниетанымы тарихи санасы көркемдік талғамы осы құндылықтарды біріктіретін тұтас қамтитыны белгілі. Демек егеменді елдің рәмізі ұлт мәдени құндылықтардың өз бойына сіңіре білген өз ерекшеліктерін басқа мемлекет рәміздерінен ажырата аларлықтай болуында. Біздің еліміздің мемлекет рәміздерінің ерекше жасалғаны туралы әлем рәміз- танушылары мойындаған.
Оның тарихи мәдени философиялық көркемділігін білу де өте маңызды. Рәміздер — ұлттық ой қазынасы ғана емес, ұлттық ойлау дәрежесін қалыптастырудағы қазақ ұлтының негізгі көркем ойлау жүйесі. Тәуелсіздіктің ресми белгілерінің бірі, әрі ең маңыздысы — елдің рәмізі.
Мәдени құндылықтар дүниемізді анықтауда, рәмізтану мәселесі егеменді елдің мәдени ғана емес, саяси идеологиялық көзқарасы, келбеті болып қала берері анық. Рәміздің маңызы — ұлттық тәуелсіздік психологиясын, мемлекеттік сана-сезімнің дем берушісі, ұлтты біріктіруші қызметінде.
Адамзат тарихында 1990 жылы 25 қазанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендік туралы Декларациясы қабылданып, 1991 жылғы 16 желтоқсанда мемлекеттің тәуелсіздігі заңды түрде рәсімделді. Әлем картасында Еуразия кіндігінде жаңа Тәуелсіз Қазақстан Республикасы жарияланып тарих сахнасына шықты. Мемлекеттік Елтаңба – бүгінгі егеменді республикамыздың айшықты сипаты. Қазақстан Республикамыздың рәміздері – еліміздің өткенін, бүгінгісі мен ертеңін саралап қана қоймай әрбір жеке отандасымыздың рухани әлеміне жарқын сезім сыйлап, игі ықпалын тигізуде.
Қазақстан Республикамыздың рәміздері – еліміздің өткенін, бүгінгісі мен ертеңін саралап қана қоймай әрбір жеке отандасымыздың рухани әлеміне жарқын сезім сыйлап, игі ықпалын тигізуде.


Елтаңба негізгі 4 бөлімнен тұрады.
1.Киіз үй (отау) шаңырағы, күн сәулелі уығы, және керегесі
2.Мүйізді қанатты пырақ.(Есік қорғаны алтын адамының маңдайындағы бейне мен Берелден табылған 4 алтын маскалы жылқы)
3.Бесұлдыз.
4.Босаға тәрізді қазақ өрнегінің ішіндегі Қазақстан жазуы.

Киіз үй түркілер өркениетінің адамзатқа сыйлаған жиылып құрастырылатын жылжымалы баспанасы ғана емес сәулет тарихындағы ғаламның үлгісін көрсететін кемел туындысы. Оның тарихы өте терең. Алғашқы суреттері Шумерлерден де табылған.Тарихи түрғыдан киіз үй әлемдік өркениеттің аса керемет жетістіктерінің бірі болып табылады. Қызметтік мақсаты мен таңбалық мағынасы көркем безендірілуі мен жасалу технологиясы шебер үйлескен ғажайып туынды.
Киіз үй — түркілік өркениеттің ерекше тарихи баспанасы ғана емес, бүкіл мәдениетінің жады. Макрокосмос пен микрокосмосты үйлестірудің семантикалық идеясы киіз үйде кемел астасқан.
Әлемде өркениет бастаушысы саналатын Ежелгі Египет, Шумерліктер олар солтүстік жақтан көшіп барып мәдениет жасағандар.Өз жылнамаларында Семиттердің тіпті жері де болмаған. Аврам бабалары ол жерді сатып алған.
Ал қазақ халқы атақты антрополог О.Смағұловтың дәлелдегеніндей дүние жаралғалы осы жерде өсіп өніп келеміз. Әлемде бірінші болып метал өңдегенбіз, жылқы үйретті, ауыздық,ер тұрман жасадық, атқа отыру үшін шалбар ойлап таптық, қайқы қылышпен құрамалы садақ жасадық, конкимен шаңғы тептік,ыспалы музыка аспабын жасадық, арба жасап, жылқымен серуендедік. Алтынмен апталған киімдер кидік.Түркі «пішін» жазуын ойлап таптық.Бұл көп мысалдырдың біразы ғана.
Біз бүкіл ТҰРАН(төрік) әлемінің қара шаңырағының иесіміз. Сондықтан Киіз үйдің Елтаңба рәміз элементеріне қосылғаны заңды.
Елтаңбада киіз үйдің шаңырағы орталық композицияны қамтиды. Киіз төбеден қарағанда шеңбер және оның ішінде крест айқышы бар тағы бір шеңбер(шаңырақ) ретінде көрінеді. Шеңбер көптеген халықтарда сондай-ақ қазақ халқында жер дүниені білдіреді. Киіз үйдің ең негізгі рәміздік қасиеті – шаңырақ. Қазақ ұғымында шаңырақтың қасиеті өте зор. Шаңырақтың шеңбері арыс деп аталады және ол елтаңбада қалың етіп көрсетілген.
Елтаңба құрылымында көгілдір түстің аясында алтын шаңырақ күн сәулесі түрінде шашыраған уықтарымен бейнеленген. Ең басты шаңырақтың ұлы мағынасы шаңырақтың елтаңбада бейнеленуі, қазақ халқы, қазақ жері барлық түркі халықтарының сондай ақ еуразия халықтарының қара шаңырағы отаны болып есептеледі. Елтаңбадағы қазақтың құты, қасиетті шаңырағының бейнесі бүкіл еліміздің, барлық қазақстандықтардың өмірін, ортақ үйін бейнелейтін рәмізі. Шаңырақтан күн сәулелі уықтар керегеге бекітілген. Кереге елтаңбада өз қисынымен орын тапқан.
Б.з.д. Есіктен табылған алтын адамның қасынан табылған күміс тостағанда да осы таңбасөз бейнеленген. Таңбасөз (идеограмма) йер (жер)


«Егиш» (ағаш)-түркі сөзі. Одан әрі форма дөңгелектеніп, семантикалық жинақтама береді. Яғни, жер сүйегі ағаш формасында үйдің сүйегі болып тұр. Бұдан басқа дәлелдеме керегенің мазмұны жер деген таңбасөзге (идиограмма) сәйкес келеді. «Uer»-үнді еуропалықтар түсінігін де қоршау, қамау, қалқалау деген мағына береді. Сондай-ақ, жер таңбасөзі (идеограммасы) киіз үйді қоршап тұр, Қазақтар бата бергенде, «Керегең кең болсын!» деп жақсы тілек айтады. Яғни, бұл «жерің кең болсын» деген сөз.
Екінші маңызды тура көрінетін негізгі геральдикалық бөлшек бейне қанатты мүйізді пырақ. Елтаңбаның оң және сол жағында бейнеленген.
Жылқы тарихы Қазақстан мәдениеті мен тарихының негізі және ең алғаш адамзатқа жылқы үйреткен ежелгі өркениет ошағы ретінде белгілі. Сондықтан елтаңбада бейнеленуге мәдени және тарихи негізі заңды.
Солтүстік Қазақстан облысы жеріндегі Ботай елді мекенде б. з.д төрт мың жыл бұрын ең алғаш жер бетінде жылқыны қолға үйреткені біз үшін үлкен мақтаныш. 1983 жылы отандық археолог В.Зайберттің басқаруымен ашылған Ботай елді мекені, энолит дәуіріндегі далалық өркениет кіндігі болды. Мұндай мәдени ошақтар Қазақстан жерінде 25 ошағы бар. Бұл тарихи деректер халқымыздың тарихи тамырын тым тереңнен тартылғанының куәсі. Осының өзі – ақ жылқының өркениетіміздің дамуындағы рәміздік төлқұжатымыз іспеттес. Дәл осы кезеңде қытай патшалары өгіз жегілген арбамен жүрсе, Ботайлықтар ат жеккен арбамен жүретін болған. Сондықтан қытайлар үшін өгіз әлі де құрметті болса, қазақтар үшін жылқы қасиетті.
Ботай мәдениетінен кейінгі дамудағы сақ — түркі мәдениеті жылқыны жүгендеп, ер тоқым жасап, үзеңгі жасап, атқа отыру үшін шалбарды ойлап тауып, әлемдік өркениеттің дамуына қосқан ерен үлесі екенін айтуымыз керек. Ат үстіндегі көне түркілер жаяу – жалпы адамдардан өздерін биік санағаны белгілі. Өйткені олар барар жерге тез жетеді, жан-жағын молырақ көреді, қуса жетеді, қашса – құтылады. Жылқыны қолға үйрету адамзат мәдениеті тарихында, ұлы атыраптарды қамтитын үлкен мемлекеттер құруға, алыс қашықтарға қарамастан байланыс жасауға сауда — сатықпен айналысуға мүмкіндік берген, ең ілгермешіл ұлы қозғаушы күш, мәдени құбылыс болып табылады. Сол ежелгі дүниеден бері мұра еткен қазақтар үшін жылқы малы кисе киім, ішсе сусын, жесе тамақ, мінсе көлік болған. Қазақ халқы атжанды халық. «Ер қанаты ат»-деп жан рухына балаған. Елтаңбадағы мүйізді қанатты пырақ Қазақстан халқының күшті гүлденген мемлекет құру туралы мұратын белгілейді.Сондықтан елтаңбадағы мүйізді қанатты пырақтың бүкіл болмысы мемлекеттік идеяның жоғары мақсаттарын көрсетеді. Мүйізді қанатты пырақ образы арқылы қазақ мәдениеті мен тарихының түп тереңдігін толық көре аламыз.


Берел қорымы 1997 жылдан археолог Зйнолла Самашовтың зерттеуімен әйгілі.Қорымдағы ең ерте обалар б.з.б 4-3 ғаысраларда үйілген. Қайта тәуелсіздік алған соң табылғаны жақсы болды. Совет заманы болғанда көрмеуіміз мүмкін еді. Берелден табылған сақ патшасымен бірге жерленген төрт мүйізді масканы киген алтынмен апталған жылқылар дәлелдей алады.



Алтын адамды 1970 жылы Есік қорғанын археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетұлы тапты. Кемал Ақышевтың зерттеумен ғылыми әлемгек танылды. Есік қорғанынан табылған алтын киімді патшасының бас киімінде де жақсы сақталған. Мүйізді жылқы бейнесі Есіктен табылған алтын киімді сақ жауынгерінің бас киімінің дәл маңдайына ерекше әсемдікпен орнатылғандығы оның көсем екенін көрсететін бейне. Елтаңба жасалғанда Есіктен табылған алтын киімді сақ көсемінің бас киіміндегі, басы екі жаққа қаратылған мүйізі бар қанатты пырақ негіз етіп алынды. Бұл бейне қарама-қарсы тұрған аттардың көркем образы архаикалық кезеңде Арал аймағында да(Тагіскен) табылған. Сондай-ақ, сармат дәуірінде, екі ат бейнесіндегі патшалық рәміз Ромен қорғандарынан табылған асатаяқта бейнеленген. Танымдық ғылымда мүйізді ат сақ әшекейінің рәмізі болғаны туралы негізінен болжамдар түрінде айтылса, б.з.д. IV- III ғғ. өмір сүрген көшпелілер көсемі обасынан табылған Берелдің мүйізді пырақтары өзінің табиғи құдыретімен барлық болжамдарға нүкте қойды. Ал елтаңба жасалған кезде, рәміз ретінде ұсынысқа суретші Жандарбек Мәлібеков тек интуиция арқылы келсе, біз оны генетикалық код арқылы ақпараттардың берілуі деп толық айта аламыз. Ең ғажабы, сонда құдіреттің жебеуімен Қытай, Монғолия, Ресей Алтайы емес, Қазақстанға қараған Алтайдан мүйізді төрт аттың, тәуелсіздік алғаннан кейін табиғи шынайы бейнесінің табылғаны болды. Әсіресе белгілі археолог З.Самашевтың басқаруымен ашылған Шығыс Қазақстан облысындағы Берел жәдігерлері Отандық ғылым мен мәдениет тарихының даңқын шығарды. Олардың әлемдік өркениеттік рухани құндылықтар жүйесіндегі орнын анықтауда зор маңызға ие екенін әйгіледі. Берел жәдігерлерінің өзіндік маңызына тоқталсақ, тарихшылардың айтуы бойынша бұл дәуірде ежелгі грек, парсы, қытай жұрты ер-тұрман дегенді мүлдем білмеген. Бұл Берел қорымдарының адамзат тарихындағы маңызын арттыра түспек.
Сақ-түркі өркениетін, оның мұрагері қазақ елін жылқысыз елестету мүмкін емес. Ат бүкіл ғарыштық энергия. Сондықтан сақ тайпаларының дүниетанымында күннің бейнесі болған. Қанаттың рәмізі органикалық ауада құстың ауа кеңістігінде ұшуымен байланысты. Қанат жалпы жерден көкке көтерілудің белгісі. Қанатты ат күннің және рухани рәміз. Қанат барлық мәдениеттің дәстүрлерінде руханилықтың белгісі. Қанаттың сипатталуы еркіндік шығармашылықпен шабыттың рәмізі. Елтаңбаны түсіндірудегі
Сондықтан елтаңбадағы мүйізді қанатты пырақтың бүкіл болмысы мемлекеттік идеяның жоғары мақсаттарын көрсетеді. Мүйізді қанатты пырақ образы арқылы қазақ мәдениеті мен тарихының түп тереңдігін толық көре аламыз.
Үшінші негізгі белгі ол бесжұлдыз. Бесжұлдыз әлем халықтарына кең тараған белгілердің бірі. Ол ешқандай кеңестік дәуірдің ойлап тапқан белгісі емес. Біздің елтаңбамызда тұруына да тарихи негізі бар және басқа халықтардан алған емеспіз. 2001 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы Шілікті жазығынан белгілі тарихшы-археолог Әбдеш Төлеубаевтың басқаруымен жүргізілген қазба зерттеу кезінде б.з бұрынғы 7-ғасырларының ең көне сақ патшасының қабірі табылды. Табылған тамаша жәдігерлердің бірі шеңбер ішіндегі бесжұлдыз. Сақ патшасының жұлдызды иемденуіде өз елін бақытқа бастаушы ретінде үлкен мағынаға ие.


Шілікті қорғанынан табылған жұлдыз.
Адамзат тарихындағы алғашқы Тәңірлік награда.

Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде жұлдыздың алатын орыны ерекше. Қазақ мәдениетінде тіліміздің өзіне лайықты жұлдызға қатысты көркем сөз тіркестеріде сан алуан. Жұлдызы жанды-жолы болды, бақытқа бөленді, еңбегі жанды, ісі алға басты, жұлдызы жарқын-өмірі кіршіксіз, жұлдызы жоғары- мерейі үстем, дұшпанын мұқатып, иғы өсіп тұр деген мағынада, жұлдызы оңынан туды- бағы ашылды, жолы болды деген сияқты т.б теңеулер жеткілікті. Жұлдыз – бақыттың көрсеткіші. Жұлдыздың жарқырап тұруы – мәңгілікке ұмтылудың бақыттың көрінуінің құпия ғарыштық рәмізі.
Елтаңбада жұлдыз өте сәтті қойылған.
Төртінші белгі «Қазақстан» жазуы. Мемлекет атауы да үлкен тарихи этнолингвистикалық рәміздік белгі болып табылады. Оның атауы конституцияда анықталған. «Қазақстан» атауы мемлекетті құрушы қазақ этносымен байланысты мемлекеттің атауы ретінде 15-16 ғасырлардағы тарихи деректерде жазылған деп хатталған. Лингво-семантикалық мағынасы «қазақ елі» деген мағына береді. «Стан»- сөзі парсы- түрік сөзінде ортақ мағына береді, яғни елді мекен деген сөз. Ежелгі әлемдік карталарда «Қазақия» деп көрсетілген, ал «Қазақстан» атауын Совет заманында түркі елдеріне таңып жіберген термин.
Жазу киіз үйдің бейнесін елестеткен кезде дәл есіктің маңдайшасына жазылғандай әсер қалдырады. Елтаңбада киіз үй төбеден қарағандағы көрінісі көрсетілген.
Қазақстан атауына қарсы жоғарыда яғни кйіз үйдің төрінде бесжұлдыз бейнеленуі, Қазақстан Елтаңбасының төрінде жарқырап тұруы отанымыздың жарқын болашағын көрсетеді.
Қорытынды.Елтаңбада- Ұлттық философия көркемдікпен шегіне жете көрсетілген.
Ұсыныс. Қазақстан деген сөздің орынына «Қазақ елі» деп руна мен жазу керек. Руна жазуы ою сияқты елтаңбада тіпті керемет тұтасып кетеді. Бұл жазу мәдениетіміздің тарихын көрсетеді. Сонда елтаңба бұрынғыдан құдіретті болады. Ел дегенді тек Марий Эл халқы ғана қолданып келеді. Елдіктің кепілі тіл мен жер.Екеуі де елтаңба да тұру керек.
Сондықтан «Қазақ елі»- деп рунамен жазылып тұруы Елтаңбамызды күшейту деп білем.
Екінші Шілікті алтын адамының бес жұлдызын, яғни елтаңбада түрған бес жұлдыздың шетіне шеңбер жасап ортасын тағы кіші шеңбер жасап қойу керек.
Президент әкімшілігіндегілерге, Идеологиялық блокпыз деп жүргендерге, елтаңба түсініксіз деп жүрген сектант топтараға О.Смағұловтың, З.Самашовтың, В.Зайберттің, Ә.Төлубаевтың, К.Ақышовтың, Т.Досжанның т,б белгі ғалымдардың зерттеулерін оқуға кеңес берем. Елтаңбаны Жандарбек Мәлібеков жасағандықтан, заңсыз тіркелген Ш.Уәлиханов авторлықтан алыну керек.
Қазақ елтаңбасы ешкімге ұқсамайтын — үздік елтаңба. Тұнып тұрған тарих пен философия көркемдікпен шебер астасқан. Мемлекеттік жалау – халық туы, көзінің қарашығындай сақтайтын қасиетті дүниесі ең асылы. Ол халықтың өз елін мақтан етіп, намысымен тәуелсіздігін еңбегімен және өмірімен қорғауға дайын екендігінің айғағы. Ол әрқашанда желбіреп биік тұру керек. Біздің еліміздің көк туы – бейбітшілік туы.Ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген. Ағаш сабына бекітілген тұс, тігінен ұлттық оюмен өрнектелген. Бірнеше түсті жалаулар өте көп. Көк түсті жалау мемлекет идеясымен өте мазмұндас және бірден байқалады. Біздің ту көк түсті аспан аясында қазақ халқымен тағдырлас болып отырған көптеген диаспораларды, яғни қазақстан халқын ашық та меиірімді күн сәулелерімен бауырына басып тұр. Көк түс – ауа, орта, аспан, кеңістікті белгілейді. Көк түс қазақтар үшін әрқашанда жоғары рухты, рухани биіктікті, тәңірлік бастауды көрсетеді. Көк түркілердің дүниетанымында энергетикалық қуаттың көзі, ағыны болып есептеледі. Қазақта бата бергенде-«Аспаның ашық болсын!»- деп тілек тілеуі жаманшылық күн басыңа келмесін деген мағынада.Сондықтан ашық көк түстің ұлттық киелік мағынасы бар. Аспанға жерден қарағанда көк болатыны сияқты, аспаннан жерге қарасаңда жер көгеріп көрінеді.Сондықтан қазақтар жердің фаунасын «көк шөп»- деп өсіп өнуді жоғарғы әлеммен байланыстырып айтады. «Көктен тамдық, Жерден өндік» деп жаратылыс тірегі аспанды әке санаумен қатар жерді ерекше қастерлеген. Көк түске деген құрмет әлемдік діндердің атасы саналатын Көк Тәңір дініне деген құрметтен бастау алып жатыр. Бұлда біздің мәдениетіміздің тереңдігін көрсетеді. Көк түске деген құрмет барлық түркі халықтарының мәдениетінде бірдей.
Көк түс ең салмақты түс. Адамның көзін демалдыратын, денені сабырландыратын қасиеттері бар түс.
Ортадағы күн, қыран құс және тік безендірілген өрнектің түсі алтын түс. Алтын түс күннің ,бақыттың түсі. Жылулық белгісі, энергияның көзі ретінде жер бетіндегі тіршілікті нұрландырушы.
Ортадағы күн барлық халықтар үшін ортақ та қасиетті аспан шырағы. Қазақтар жақсы көргенде не құрметтегенде «күнім», «жарығым» дейді. Бұл ең жылы сезімді білдіретін сөздердің бірі. Туымыздағы күн де бізге жылы шуағын төгіп тұр. Ту сабына таяу безендірілген ұлттық өрнектің мағынасы да өте терең.
Қазақ ою-өрнегі адамзат өрнектерінің ұлығы. Оның ақ жағы да, қара жағыда өрнек болуы әлемде жоқ кемел туынды. Сондықтан қазақ өрнегі мақтанышымыз. Қошқар мүйізді оюдың негізгі мағынасы құт, байлық береке. Сондай-ақ мүйіз тәрізді иірілуі қозғалыстың, өсіп -өнудің, дамудың мағынасын білдіреді. Байқалғандай бір дамудың ішінде екінші дамудың көрінісі, аға буын қорғауындағы екінші кіші буынның дамуын көрсетіп тұр. Яғни халқымыздың өсіп — өнуін бейнелейді. Оның өзі симетриялы орналасуы барлық бағытқа бірдейлігін көрсетіп тұр.
Тудағы басты белгілердің бірі күн астында самғап – қанат жайған қыран бейнесі. Қыран бейнесі көптеген халықтардың рәміздерінде бар. Бірақ әр халықтың мәдениетімен танымында әртүрлі. Біздің туымызда тұруында өзіндік тарихи мәдени мәнімен мағыналы.
Адамзат алғаш әлемде пайда болған уақытынан бастап өзін қоршаған табиғатқа зер салып көңіл бөліп онымен қатынас жасай бастаған.
Соның бірі табиғатқа жабайы жыртқыш құстарды қолға үйретіп аң-құс аулаушылық болды. Құспен аң-құс аулаудың тарихи уақытын зерттеушілер әр түрмен түсіндіреді. Кейбіреулері құспен аң-құс қараудың тарихы екі мың жыл деп көрсе, енді біреулер одан да арғы уақытқа жеткізеді. Ал тас тарихқа жүгінгендер сонау қола дәуірінде сызылып, белгіленген сурет, бейне сұлбалардан да құспен аңшылық еткендерді кездестіруге болады деп жорамал айтады. Құспен аңшылық құру дәстүрі әлемде түріктің «қара шаңырақ иесі» қазақ халқында жақсы сақталып қалған. Бұл өнердің түпкі тегі Кіндік азиялық көшпелі түркілер де дамып, біртіндеп дүниенің төрт бұрышына тараған. Көшпелі арабтарға, батыс еуропалық ақсүйектерге де осы Түп Азиядан тарап жеткені бүгінгі күндері айқындала бастады. Орта Азиядағы Құрат қорғанынан бұдан 2000 жыл бұрынғы көмбе ішінен бүркіт белгісінің табылуы соған айғақ болса керек. Сондайақ атақты Күлтеген ескерткішіндегі қанат жайған бүркіттің бейнеленуі, көне түрктердің қыран құсты да кие белгі еткенін білдіреді Кейін Еуропа мемлекеттері де бүркітті елдік белгі етіп көне түркілердің рәміздерін өздерінше дамытқан. Жыртқыш құстардың ірісі – бүркітпен аң аулау қазақтарда дара дамып, қазақтың төл өнеріне айналған.
Әлемдегі жан-жануар, адамзат болып күллі-жәндік, жануарлар өзінің мекен, тұрағын, туып өскен өлкесін басқалардан, бөгде елдерден қорғайтыны мәлім. Сол сияқты әккі бүркітшілердің әңгімесіне жүгінсек, олар «бүркіт өте қағылез, ақылды құс» болғандықтан өзінің ұя салған немесе туып өскен тауы маңайына басқа құстарды, аңдарды, жәндіктерді байқап қалса, жолатпайды тіпті ұшқан самолеттерге де шабул жасағанын білетін ғалымдар оның батылдығының сырын анықтай алмады. Оларды шеңгелімен түтіп, қанатымен қағып мекенді жерінен, ұясы төңірегінен қуып жіберетінін көрген құсбегілер көп. Ал жалпылай бір жерде мекен ететін құстарға бұл тән қасиет емес. Әсіресе жыл құстары ортақ орын, көл, аралдарда ешбір толассыз өмір кешіп жатады. Олар тек ұясын, жұмыртқасын ғана қорғайды.
Қазақ халқы бүркітті қанаттылар ханы деп құрметтеп, қастерлейді. Қазақ ауылы бүркітпен келген кісіні ырымдап құрмет тұтады. «Бүркіт тұрған жерде пәле-жала болмайды» деп көретін қазақтар бүркітін қолына қондырап келген кімді де болса сыйлап, уақытша болса да ауыл маңынан пәле-жала алыстады деп көреді. Содан да алдымен бүркітті, онан кейін бүркітшіні сыйлайды. Бүркітке шашу шашу, үкі тағу, біріншіден, бүркітке деген сенім-наным, табынушылық болса, келесісі, бүркітшіні сыйлау, оған деген құрметтеушіліктен туындап жататын салт-дәстүр болмақ. Бұл әдеттің тағы бір қыры – ауылға келген бүркітті құр жібермеу, оны сыйлауға саяды. Өйтпесе бүркіт ренжіп ауылды пәле-жала басады деп сақсынудан туындап жататын салт. Содан да халықта бүркітті көрсе, не түсінде көрсе жақсылық болады, ол отырған жерде пәле-жала болмайды, жолы ашық құс деген түсініктер көптеп кездеседі. Қазақ тарихында түсінде бүркіт көріп, кейін бағы жанып ел басы, елін қорғаған батыр, би, шешен болғаны жайлы дерек, мәліметтер көптеп кездеседі. Бүркіт — қазақ халқының өжеттік, ерлік, алғырлық, асқақтығының белгісі. Оны алғырлықтың, өжеттіктің белгісі, жақсылықтың нышаны деп көреді халық. Туымызда қалықтап ұшып келе жатқан бейнесі еліміздің ашық көк аспанын, жерімізді құс патшасы ретінде бәле-жаладан қорғап тұр.
Ту сабының басына кйгізілген найза ұштығының екі жағын ала тік қанаттың орналасуы да, туымыздың үнемі көкке тік айбынды тұруының бейнесі. Қорытынды. Тарихта аңызға айналған Оғыз қаған ел жұртын жиып той жасап тойдың аяғында жар салып былай дейді: «Мен сендерге қаған болдым ,қолдарыңа садақтарың мен қалқандарыңды алыңдар, бізге таңба болсын буян, көк бөрі болғай ұран.Темір найзалар бейне ормандай боп, түзде жосып жүрсін құлан. Ақсын дария толқындаған, Күн- жалау, Аспан- қорған болсын.»-деп бата берген екен.Артық дәлелдеме қажет емес деп ойлаймын.
Ұсыныс. Жалаудан қыран бүркітті алып тастау керек. Сәтсіз жасалған. Қазақтардың ойлау мәдениеті образды ойлауға жатады.Қазақтар бүкіл ғаламды сөзбен, өнермен таңбалап тастаған. Мына жалауда бәріне бүкіл әлемге түсінікті күн бейнеленген. Қазақтар үшін күн ол қозғалыстың белгісі. Сондықтан күннің ортасына шаңырақтың ерек формасын салу керек.


Күн шаңырақтың ерек үлгісі.

Әнұран
Әнұран – музыкалық және поэтикалық күшімен рухани-әлеуметтік бірлікке үндейтін рәміз. Әнұран әрқашанда басқа әндерден өзгеше, халық жүрегінің тұмар қып түйген мұратын ішкі рухын көтеретін ұран ән. Мемлекетаралық елдестіру мен ресми маңызды істерде әрқашанда орындалатын сәлем ән іспеттес. Көбіне тумен бірге ресми және рәсімді істерде орындалады.Ұлы сазгер Ш.Қалдаяқов пен ақиық ақынымыз Ж. Нәжімеденов екеуі бірлесе отырып халық рухын көтеру үшін 1968 жылы жазған бұл ән ресми болмасада халықтың әнұранына айналған. 1986 жылы желтоқсанда Кеңес империясының алғаш қабырғасын сөккен қазақ жастары алаңға шығып осы өлеңді ұранғып айтқан. Шет елде жүрген қазақтар үшін «Менің Қазақстаным» мен «Атамекен» әнін бұрында да гимн ретінде шырқалып келеді.
Тек жағымпаздар 2006 жылы 6 қаңтарда парламентте бірауыздан Н.Ә. Назарбаевты авторлыққа қосып қабылдап, жерім деген сөзді алып тастап, сатқындықтың жымысқы саясатын көрсетті.
Адамзат тарихындағы тілі шыққан сәбиден бастап елін жерін сүйген әрбір азамат жатқа айтатын ең ұлы әнұран біздің әнұран деп айтсақ артық емес. Спорт жарыстарында әуен болмай қалған жағдайда біздің спортшылар талай шырқап рухымызды көтерген. Әлем талай таңқалғанның куәсі болдық. Бұндай тілге жеңіл, жүрекке әсер, арқа бойыңды шымырлатып жанға рух берер музыкалық- поэтикалық шығарма бөлек бітімімен дараланады. Мұндағы әрбір сөз елтаңба мен тудағы белгілермен астасып жатыр. «Алтын күн аспаным»-деп қыранша шарықтаған, жан дүниеңмен үйлесім тапқан дара туынды.Тәуелсіздікке тасыған көңілді шалқытатын әуен.Көптеген елдердің гимні ән түрінде жазылып шырқала береді. Гимн жанрына қатып қалудың қажеті жоқ.
Қорытынды. Авторлықтан Н.Назарбаевты алып, «ЖЕРІМ»- деген сөзді қайтарыңдар. Ел мен жер тең ұғым. «Менің -Елім, Менің- жерім» деген түпнұсқа қайтарылсын.
ЖАЛПЫ ҚОРЫТЫНДЫ
Тарихи жалғастық – қоғам дамуының обьктивті заңдылығы. Біздің ұлы тарихымыз – бізді ұлы жолдарға ғана бастайды. Бүкіл қоғамдық ой – сананы қайта құрып, дәуір шындығын, заман ақиқатын қалпына келтіріп күресіп жатқан бүгінгі таң, жарқын болашағымыздың басы. «Дала рухы өзгелерден гөрі қазақтарда тұтасырақ сақталған. Түркі рухы мен мәдениетінің қара шаңырағы, даланың шынайы тілі, экономикасы басымдау Түркияда емес, қазақ жерінде, қазақ ұлтында. Демек Түркі мәдениетінің мәңгі топырағы, шынайы құнары, дала рухы – қазақ елінің еншісінде. Біз құмықтар, ноғайлар, башқұрттар, қарашайлар мен балқарлар… бәріміз Қазақ еліне үлкен үмітпен, сеніммен қараймыз. Қарашаңырағымыз деп ес тұтып, арқа сүйейміз. Демек, сіздер, қазақтар біз үшін өз дінімізден адастырмайтын щамшырақ сияқтысыздар. Мен түркілік рухтың бас иесі қазақ халқының өз болмысын жоғалтпасына, оның жарқын болашағына сенемін»- дейді белгілі тарихшы Мұрад Аджи. Елдігімізді асқақтатып көненің көзіндей болып, бізге ғасырлар қойнауынан жеткен рухани мұрамыз да, ұлы рухымыз — елтаңбамыз бен рәміздеріміз. Біздің рәміздеріміз терең тарихымыздың ұлттық-философиялық мағынасы бар рәміз. Ауыстыруға болмайды тек күшейтуге болады. Рәміздерді қорғау үшін тік тұрыңдар. Сырттан бақылаған адам болашақ үшін ел мен жер үшін, тіл мен руханият үшін азаматтық соғыс жүріп жатқанын көре алады.Бүгін күреспесек ертен кеш болады. Мемлекетті құрушы ұлт қазақтың өзі іштей ыдырап барады.
Тарих бұралаңдарында талай сынға түскен қазақ бүгін мәңгүрт құлдық санадағылармен рухани айқасқа түсуде. Мемлекеттік рәміздер жасалғанда жемқор билікті орнатқан Н.Назарбаевтың еш қатысы болған жоқ. Тәуелсіздік алған кезде қазақ руханиятың әлеуеті аса күшті болды. Кесімді пікірді ұлт зиялылары шешкен. Одан кейінгі дамуда отыз жылда халық әбден азды. Қазір 33 жыл болды не тіл білмейтін, не рәміздерді ұқпайтын билікте де, халық арасында да тобыр топ пайда болған. Мемлекеттік тілді білмеу мәңгүрттердің тәуелсіздікті де сыйламағының белгісі. Өткендегі сауалнама рас болса 70 пайызы елтаңбаны тани алмаған. Кез келген ұлт құритын кезде өз рәміздерін ұқпайтын дәрежеге келеді. Яғни Мемлекет иделогиясының жоқтығының жемісі анық көрінді деген осы. Бұл Ұлттық қасіретіміз енді, Қазақ тарихын сахабадан таратын зомбилердың ұлттық қатерге айналуының алды деген сөз.Тик ток арқылы өтрікті судай сапыратын Назарбаев дәуірінің тәрбиеленген жаңа буыны қалыптасып, егемендікке, қазақ руханиятына шабулдауда.
Кемел жасалған Елтаңбаны өзгерту, 33 жылдық Тәуелсіздік Тарихымызды тәрік етумен бірдей. Мемлекеттің ыдырауының басы болып табылатын бұндай іріткіге жол беруге болмайды. Идеологияның жоқтығы, ел экономикасың кедейленуін пайдаланып ыдыратуға үміттері оянған ішкі жауларды көбейгенін көріп отырмыз. Қазақ жерінде зорастризмде, буддимзмде, христианда, исламда дін болып орныққанмен де біз қазақ болып қалғанбыз. Себебі біздің дәстүріміз –діни сенімдерден жоғары. Сондықтан мемлекет рәміздеріне еш діни рәміздер кіргізілмейді. Біз зайырлы елміз.
Дипломатия кітабында Г.Кисенжер «Қазақстан өркениеттердің отаны» деген. Рәміздік таным-ұлт менталитетінің қоғамдық әлеуметтік жүйесіне тікелей әсер ететін факторлардың бірі. «Әлемді заң емес, рәміздер билейді»- деген екен дана Конфуци. Сондықтан барлық тарих, мәдениеттану, филосфия салаларында рәміздерді насихаттауды күшейту керек. Ұлттық рәмізтану, Қазақтану институттарын құру керек. Ғылыми зерттеу институттарында арнайы салалар жұмыс істеу керек. Мектептерде насихат күшейтілу керек.
Рәміз-егемендіктің бірегей белгісі ғана емес, өркениеттілік пен мәдениеттіліктің, Отанға деген сүйіспеншіліктің, қоғамдық сана деңгейінің жоғары көрсеткіші. Ғаламдану үрдісіндегі ұлттардың жойылу себептері қоғамдағы тіл, дәстүр мен рәміздік мағыналар қызметінің әлсіреуінен туындайды десек, бұл жағдай рәмізді түсіндірудің маңызын айқындай түседі.

Related posts

Фоторепортаж

Turanart

«Түрік әлемі суретшілерінің кездесуі» атты көрме өтті

admin_turanart

Дизайн жаңалығы

Turanart

Leave a Comment