Қайрулла Дінмұхамед Мұхиядинұлы
7М02187-«Графика» білім бағдарламасының 2-курс магистранты
Ғыл. жет.: Кайранов Е.Б., PhD докторы, «Көркемсурет»
кафедрасының профессоры
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы
Қазақстан, Алматы қ.
«ҚАҺАРМАН» АРХЕТИПТІК ОБРАЗДАРДЫ БЕЙНЕЛЕУДЕГІ АҒЫМСАЛЫ ДҮЗЕЛХАНОВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ КАНОНДЫҚ ПРИНЦИПТЕР
Қылқалам шебері Ағымсалы Дүзелханов шығармашылығы тарихи, мифологиялық және фольклорлық бейнелерге бай. Қазақтың ұлттық мәдениетінде кеңінен таралған батырлардың әдеби образдарын суретшібейнелеу өнер тұрғысынан, оның ішінде графикаға тән көркемдік құралдарды және өзінің шыңдалған стилистикасы арқылы ерекше формальды интерпретациялағанын байқауға болады. Ағымсалы Дүзелхановтың шығармашылық мұрасында ғұндар, түркілер, сақтар, қазақ хандығы тақырыптары маңындағы жұмыстарында «қаһарман архетипінің» әр тарихи кезеңнің контекстіне сай айшықталып, бірақ топтық бейсанадағы ерекше бекіген образға тән атрибуттары мен қасиеттерін сақтағаны байқалады.
Қаһарман архетипі концепциясы ең бірінші кезекте К. Юнгтың психоанализ ілімінде, ұжымдық бейсананың әмбебап символ ретінде қарастырылды. Қаһарман архетипінің жалпы мағынасы, қарапайым адамға қол жетімді емес ерекше қабілеттерге ие «Ғаламатадам» (Übermensch) болып табылады.
Қаһарман архетипі, тұжырымдама ретінде, психоанализ бен мифологияда терең тамыры бар. Кескіндеме, мүсін және сәулет өнері сияқты бейнелеу өнерінде кейіпкердің архетипі көбінесе шығармаларға еніп, оларға мағына мен тереңдік беретін негізгі тақырып немесе мотив болып табылады. Көптеген туындыларда мифологиялық тақырыптарға негізделген, онда кейіпкер қиындықтарды жеңеді, құбыжықтармен күреседі немесе құдайлармен кездеседі. Бұл әңгімелер суретшілерді кейіпкердің саяхаты туралы көрнекі бейнені құрайтын кескіндеме немесе мүсін жасауға шабыттандырады. Бейнелеу өнерінде тұлғалар портреттері көбінесе нақты тұлғалар немесе ойдан шығарылған кейіпкерлердің бейнесі жасалады. Бұл портреттер көбінесе оларды уақыт немесе орын контекстінде кейіпкерге айналдыратын қасиеттерге баса назар аударады. Суретшілер қаһармандық идеяларын жеткізу үшін символизм мен аллегорияны қолдана алады. Мысалы, Арыстанның бейнесі батырдың күші мен батылдығын, ал бүркіттің бейнесі жоғары идеалдар мен бостандыққа ұмтылуды білдіруі мүмкін. Бейнелеу өнерінде кейіпкерлердің көрнектівигіктерін бейнелейтін эпикалық көріністер жиі бейнеленген. Бұл көріністер көрнекі түрде әсерлі ғана емес, сонымен қатар көрермендерді ойға салып және қаһармандық қасиеттер туралы ойлауға шабыттандырады. Осылайша, қаһарман архетипі бейнелеу өнерінде маңызды рөл атқарады, идеяларды, құндылықтар мен эмоцияларды визуалды бейнелер арқылы жеткізуге көмектеседі және адам тәжірибесінің әмбебап аспектілері ретінде көрерменнің санасына таңылады.
Фольклордағы семиотикалық анализ тұрғысынан Ю. М. Лотман қаһарман архетипін сюжетті ілгері жылжытушы, «актант» деп атаған. Қаһарман күнделікті әлемнен таңғажайып және табиғаттан тыс аймаққа баруға батылы барады. Онда ол тылсым күштермен кездеседі және шешуші жеңіске жетеді: осы инициациялық рәсімдерден соң жаңа қасиеттерге ие болып өз қауымына жақсылық жаңа адам болып оралады.
Қаһарман архетипі сакралды жаратушының әлемі мен адамдар әлемінің арасындағы медиативті функцияны атқарады. Мәдениеттанушы А. А. Пелипенко мен И. Г. Яковенконың пайымдауынша әлемдерді «орнынан қозғалмай» жаратушы демиург фигурасы толыққанды сакралды болса, қаһарман архетипі жылжымалы және жартылай сакралды болып табылады. Яғни, қаһарман архетиптік образына ілгері жылжу, ізденіс, саяхаттау мотивтері тән болып табылады [1].
Суретші шығармашылығында жиі қайталанатын композициялық, стилистикалық элементтерді байқай отырып, суретші өзінің ұзақ шығармашылық ғұмырында қатаң канондық жүйе құрастырып шыққанын байқауға болады. Канон суретшіге әр жұмысқа жаңа композиция, колорит секілді дүниелерді қайта ойлап таппай, көркемдік образдық шешімдерді қарастырып назар аударуға мүмкіндік береді.
Ренессанс, «канон» сөзінің ортағасырлық мағыналарынан бас тартпай, өнер саласында оны адам денесінің идеалды пропорциялар жүйесіне қатысты қолданды. Бұл жүйенің өзі күрделі болғанымен байытылған. «Көркемдік канон» термині эстетикада тек ХІХ-ХХ ғасырларда пайда болады. Г. Е. Лессинг өнердің заңнамалық нормалануы және оған діни культтің әсері туралы айтады [2].
Орыс философы А. Ф. Лосев канонның дүниетанымдық негізін атап өтіп, бастапқыда суретшілер заттарды және әсіресе адам денесін бейнелеуде қолданатын пропорциялар жүйесін құрудағы негізгі міндетін айқындайды [3]. Кейінірек ол канон түсінігіне кеңірек анықтама береді. Канон шығармашылық жұмыстың қоғамдық және тарихи аспектісін анықтайтын, белгілі бір сандық мөлшерде көркемсурет туындыларын жасауға мүмкіндік беретін сандық және жүйелік модель [4].
1. Канон – дәуірдің эстетикалық идеалын білдіретін дүниетанымдық, құндылық категориясы.
2. Канон – өнер түрлерінің негізгі құрылымдық заңдылықтарын бекітетін нормативтік жүйе.
Ренессанс суретшілері өз композицияларын құруда симметрияны жиі қолданды. Бұл олардың суретті мінсіз әлемдік тәртіптің бейнесі ретінде туындады, мұнда адам білетін және түсінетін ақылға қонымды гармония мен тепе-теңдік орнайды. «Марияның некелесуі» (сурет №1) туындысында Рафаэль үйлесімділік пен қатаң логика заңдары бойынша өмір сүретін әлемнің осындай бейнесін қалыптастырған
Ағымсалы Дүзелханов шығармашылығындағы «Мөде» (сурет №2), «Күлтегін» (сурет №3), «Шыңғыс хан» (сурет №4) секілді графикалық шығармаларындағы басты қайталанатын композициялық әдіс ол – вертикалды осьтік симметрия болып табылады.
Сурет №1, Рафаэль Санти «Мариямның некелесуі», 170х117 см, майлы бояу, 1504 ж
Симметрия композициялық әдіс ретінде ең басты рөлі тепе-теңдік пен табиғи гармонияны көрсету болып табылады. Кескіндемедегі «Құдайлық үйлесімділігі» ұғымы рухани немесе ғарыштық тәртіптің көрінісі ретінде қабылданатын кемелдік, тепе-теңдік және бірлік идеясын білдіреді. Сонымен қатар, таза симметрия табиғатта өте сирек кездесетіндіктен, симметрия картина кеңістігінде бейнеленген әлем материалды емес, біздің әлемімізден тыс рухани кеңістікті бейнелеуге өте қолайлы құрал. Бұл негізінен философиялық және рухани ілімдерге, сондай-ақ, табиғаттағы сұлулық пен үйлесімділік идеяларына негізделген тұжырымдама. Жоғарыда айта кеткендей, суретші тарихи тұлғалардың портреттік бейнесін бейнелеуде осьтік симметрияны қолдануы арқылы Күлтегін, Мөде, Шыңғыс хан секілді тарихи тұлғаларды айшықтап қазақ халқының ұжымдық бейсанадындағы қаһарман архетипін бейнелеген.
Жұмыстардың формальдік орындалуына назар аударсақ, суретші бұл жұмыстар сериясына квадраттық формат таңдаған. Картинаның форматын таңдау шығармашылық процестің бастапқы кезеңі болып табылады. Кескіндемедегі квадраттық формат – бұл тек техникалық таңдау ғана емес, сонымен қатар, суретші белгілі бір әсер қалдыру немесе белгілі бір символизмді жеткізу үшін қолданылатын құрал. Яғни, аталмыш туындылар сериясындағы квадраттық формат көптеген аспектілерді білдіреді. Квадрат әдетте тең жақтары мен бұрыштарына байланысты тұрақтылық пен тепе-теңдікпен байланысты. Кейбір рухани және философиялық дәстүрлерде квадрат руханият немесе қасиеттілік идеясымен байланысты. Мысалы, Шығыс ілімдерінде квадрат жерді немесе материалдық әлемді білдіреді. Яғни, қылқалам шебері композицияда қолданған осьтік вертикалды симметрия әдісі қалыптастыратын тепе-теңдік эффектісін квадраттық формат одан әрі күшейте түседі.
Қылқалам шебері бұл жұмыстарда төмен көкжиек сызығын және көрермен тұрпатты төменнен жоғары қарайтын ракурста бейнелеген. Мұндай композициялық әдіс еуропалық салтанатты (парадный) портреттерде кездеседі. Сонымен қатар, бейнеленген тұлғаның арғы планындағы кеңістіктің аспанмен бейнеленуі сол еуропалық бейнелеу өнер дәстүрінде жиі кездеседі. Бейнелеу өнерінде аспан архетипі, әсіресе түркілік дүниетаным контекстінде, рухани және символдық аспектілерді жеткізуде маңызды рөл атқарады. Аспан бейнелеу өнерінде руханият пен Құдаймен байланыстың символы ретінде жиі қолданылады. Мұны құдайлардың, періштелердің немесе аспан сфераларында өмір сүретін басқа табиғаттан тыс тіршілік иелерінің образдары арқылы бейнелеуге болады. Аспан Тәңірдің құдіреті мен күшінің символы бола алады. Мұны жарқын жарық сәулелері, қасиетті бұлттар немесе жоғары күштің болуын көрсететін басқа элементтер арқылы көрсетуге болады. Көк аспан көбінесе Құдайдың аспектілерінің ұлылығы мен биіктігін жеткізу үшін қолданылады. Мұны кең панорамалық көріністер, керемет бұлттар немесе жаратылыстың ұлылығын көрсететін эпикалық композициялар арқылы көрсетуге болады. Сонымен қатар, аспан мәңгіліктің символы. Тұтастай алғанда, бейнелеу өнеріндегі аспан архетипі құдайлық және рухани аспектілерді жеткізуде шешуші рөл атқарады.
«Мөде», «Күлтегін» және «Шыңғыс хан» (суреттер № 2, 3, 4) туындыларында шексіз аспан кеңістігіндегі жер қайысқан әскер бейнеленген.
Сурет №2, А. Дүзелханов «Мөде», 52х38 см, қарындаш, картон, 2005 ж.
Сурет №3, А. Дүзелханов «Күлтегін», 60х40 см, қарындаш, картон, 2005 ж.
Сурет №4, А. Дүзелханов «Шыңғыс хан», 60х40 см, қарындаш, картон, 2004 ж.
Күлтегін, Мөде немесе Шыңғыс хан бастап келе жатқан әскер тау бөктеріндегі тұманнан пайда болғандай әсер қалдырады. «Күлтегін», «Мөде» туындыларында түркі және ғұн әскерлерінің арғы бетінде таулар бейнеленген. Символдар энциклопедиясында «тау» сенімділіктің, тұрақтылықтың, мызғымастықтың символы болып табылады. Тауларға жақын жерде өмір сүрген халықтардың фольклорында таулар аспанға және құдайларға жақын қасиетті дүние ретінде түсінік қалыптасқан [5]. Жалпы түркілік дүниетанымда «тау» жер асты әлемін, ортаңғы әлемді және аспанды, сонымен қатар әлемнің төрт құбыласын біріктіретін осьтік элемент ретінде қарастырылады [6]. Айналадағы рельефтен жоғары көтерілген тау билік пен үстемдіктің символы бола алады. Бұл биіктік күш пен беделдің символы. Таулар тұрақтылық пен мызғымастықтың символы ретінде бұзылмайтын немесе құлатылмайтын билікпен байланысты. Бұл бірлестік тау шыңдарының беріктігі мен олардың ұзақ өмір сүруіне байланысты күшейе алады. Көптеген мәдениеттер тауларды құдайлар тұратын немесе қасиетті рәсімдер өтетін орындар ретінде қарастырады. Бұл тұрғыда тау Құдайдың күшімен байланысты. «Мөде» мен «Күлтегін» (сурет № 2, 3) композицияларында суретші арғы планда таулармен бейнелесе, жоғарыда айта кеткендей, қаһарман архетипін бейнелеуде аллегория ретінде арыстан немесе қыран бейнеленуі жиі кездеседі. «Шыңғысхан» туындысында арғы планды аспанмен астасқан қыран бейнесін байқауға болады. Бүркіт аллегориясы көбінесе билік, бостандық, күш және рухани өрлеу сияқты әртүрлі ұғымдарды бейнелеу үшін қолданылады. Бүркіт көбінесе билік пен күшпен байланысты. Қыран – бостандық пен тәуелсіздіктің символы. Аспанда қалықтау және үлкен олжаларды аулау мүмкіндігі оның еркін қозғалу қабілетін көрсетеді. Қыран көбінесе жоғары мәртебе мен тектілікпен байланысты. Көптеген мәдениеттерде қыран ұлы билеушілерді бейнелеуде қолданылады. Сонымен қатар, қыран рухани өрлеу мен жоғары идеалдарға ұмтылу символы болып табылады. Оның жерден биіктікке көтерілу қабілеті рухани ұмтылысты көрсете алады. Көбінесе қыран қорғаушы және бақылаушы ретінде қарастырылады. Оның өткір көзқарасы мен күшті қанаттары оған өз аумағын қорғауға және не болып жатқанын бақылауға мүмкіндік береді.
Жалпы бұл туындыларда алдыңғы план мен артқы планды байланыстыруда қылқалам шебері әуе перспективасын өте ұтымды пайдаланған. Арғы пландағы элеметтердің контрастсыз белнеленуі және алдыңғы пландағы элементтердің контрастпен бейнеленуі әскердің жүріп келе жатқандай әсер қалдырады. Әуе перспективасымен қалыптасқан тұманның эффектісі бұл жер қайысқан қалың қол қозғалысы жай ғана жерде емес әуе кеңістігінде қалқып келе жатқан секілді болып көрінеді. Әсіресе, «Мөде» (сурет №2) композициясындағы ғұн әскерлерінің қолындағы ирелеңдеген «бөрі басты» әскери штандарты мен кесіртке таңбалы байрағы, аспан тіреген сансыз найзалардың ритмі қозғалысты одан әрі күшейте түседі.
Бұл көп тұрпаттылы композициялардың тағы бір ерекшелігі, олардың қарулануы қаншалықты қорқынышты болса да, бұл картиналар қорқыныш әсерін қалдырмайды. Суреттерге қарап, бұл жай ғана қойылым, шығармашылық шарттылық екені сезіледі [7]. Сонымен қатар бұл туындылардағы жауынгерлер мен хандардың сұсты келбетінен асқан көптеген тарихи туындыларға тән пафос сезілмейді. Бұл композиция кейіпкерлерінің жүзінен бір мызғымас тепе теңдік пен асқан кемелдікті сезінуге болады. Осы бір мызғымастық мәңгіліктің сезімі «Күлтегін» (сурет №3), «Шыңғыс хан» (сурет №4) және «Мөде» (сурет №2) композицияларында тау шыңдары мен туынды форматтарының екі беткейінде орналасқан балбалдар мен бақсылардың бейнесі айшықтай түседі.
Бақсы – бұл адам жанының емдеушісі ғана емес, адам жандарының жолбасшысы. Бақсы архетипі материалдық әлемнің жамылғысы арқылы рух пен энергия әлеміне енетін терең даналыққа толы. Бақсылардың әлемдер – материалдық әлем мен рухани әлем арасында өту мүмкіндігі бар. Олар адамзат пен табиғат рухтары, ата-бабалар немесе басқа рухани тұлғалар арасында делдал ретінде қызмет етеді. Бақсының негізгі функцияларының бірі – емдеу-физикалық денені ғана емес, жанды да. Шамандық тәжірибелер тепе-теңдік пен үйлесімділікті қалпына келтіруге бағытталған рәсімдерді, шөптерді, билерді және медитацияны қамтиды. Бақсылардың көрінетін әлемнен тыс көру қабілеті бар. Олардың түйсігі мен рухани салалармен байланысы оларға әдеттегі қабылдау мүмкін емес білім мен түсініктер алуға мүмкіндік береді. Көбінесе бақсылар би, медитация, транс немесе дауылпаздар немесе галлюциноген өсімдіктері сияқты ғұрыптық заттарды қолдану арқылы рухани әлемдерге немесе бейсаналық әлемге саяхат жасайды. Бақсылардың рәсімдері мен рәсімдерінде терең мағынасы бар және рухани әлеммен байланысты символизм жиі кездеседі. Бұл жануарлар, өсімдіктер, сондай-ақ ғарыш пен адам жанының аспектілерін көрсететін дерексіз белгілер болуы мүмкін. Көшпелі қоғамдағы бақсылар көбінесе кеңесшілер, рухани қоғамдастықтың жетекшілері және дәстүр мен даналықтың қамқоршылары ретінде ерекше орын алады. Бақсылар рухани әлемдер туралы ақпаратты аяндар арқылы алады. Бұл көріністерде бақсылар түсіндіретін және өз тәжірибелеріне басшылық ету және қоғамға көмектесу үшін қолданатын рухани күштердің рәміздері, хабарламалары немесе нұсқаулары болуы мүмкін. Бақсылар көбінесе табиғат рухтарымен, ата-бабаларымен, тотемдік жануарлармен және басқа да рухани тұлғалармен байланысады. Олар өздері немесе қоғамдастығы үшін кеңестер, емдік немесе Қорғаныс алу үшін оларды рәсімдермен немесе медиаторлық қабілеттермен тарта алады.
«Шырақтың ерлігі» (сурет №6) шығармасын А. Дүзелханов шығармашылығындағы қаһарман архетипінің ең жарқын шығармасының бірі. Бұл туындының басқа туындылардан басты айырмашылығы қаһарман архетипінің мономиф тұрғысындағы нарративтегі ең басты оқиғасы бейнеленген ол – қаһарманның өлімі. Ежелгі грек нанымына сенер болсақ қаһарманның культі өлім культімен тығыз байланысты болған. Туындыға келер болсақ, Дарий бастаған парсы басқыншыларын шөлмен адастырып, кейін сол парсылардың қолынан қаза болған Шырақтың ақырғы демі А. Дүзелханов бейнелеуімен асқан эпикалық және де формальдық символизмге толы туындыға айналған. Шөлден қажып ажалдың азақ алдында жер бауырлап жорғалаған парсы әскерлері, шалажансар күйге жеткен Дарий патшаның өз тағында отырған бейнесі және өзі жеңген жауларының үстінен салтанат құрған, асқан қатыгездікпен азапталған Шырақ сұлбасы қылқалам шеберінің шығармашылығындағы ең драматикалық эмоционалды әсерлі туынды болып табылады. Бұл тұрғыда «Шырақтың ерлігі» (сурет №6) туындысы еуропалық суретшілер арасында жиі кездесетін «Әулие Себастьян» (сурет №5) тақырыбындағы туындыларға ұқсайды.
Сурет №5, Дж. Антонио Бацци, «Әулие Себастьян», майлы бояу, 1525 -1526 жж.
Сурет №6, А. Дүзелханов «Шырақтың ерлігі», 55х40 см, литография, 1986 ж.
Екі туындыда өздеріне қымбат дүниелері үшін шейіт болған және де азап шеккен адамдар. Әулие Себастьян дін жолында азап шегіп бірнеше рет өлімге кесілген болатын. Діни тақырыптағы бейнелеу өнеріндегі қаһарманның өлімі жайлы В.Г. Власов былай дейді: «Батыр ерлік жасаған кезде жанқиярлықтың үлгісін көрсетеді (кейде денені рух үшін құрбан етеді). Сондықтан, көркем шығармада құдай емес, қаһарман басты кейіпкерге айналады. Ол мадақталып, оған ғибадат етіліп, оның ерлігі рухтың құдіреттілігі ретінде дәріптеледі. Және қаһарманның өлімі сөзсіз қуанышпен қабылданады (өйткені оны мәңгілік өмір беріледі)» [8]. Сол себептен дін жолында шейіт болған христиан әулиелері ақтық демі шығар алдында эмоциясыз бейнеленеді. Ал А. Дүзелхановтың туындысында елінің азаттығы жолында жан берген Шырақтың бейнесі асқан экспрессиямен бейнеленген.
Қорытындылай келе, А. Дүзелханов шығармашылығындағы «Қаһарман архетипі» тақырыбындағы жұмыстарды зерделей келе қылқалам шеберінің өзіне тән канондық принциптер қалыптастырғанын байқауға болады. Және де, ол канондық жүйедегі ең басты композициялық элемент осьтік вертикалды симметрия болып табылады. Осьтік вертикалды симметрия материалдық емес рухқа негізделген әлемді бейнелеуге жол ашады. Және де, қаһарман архетипін ашу барысында қылқалам шебері аспан, тау, балбал және бақсы секілді архетиптік образдарды да бейнелегенін байқауға болады. Қылқалам шеберінің Ұлы Дала тарихындағы алпауыт тұлғалардың портреттік бейнесін бейнелеуде өзіне тән канондық жүйені қолдануы мыңдаған жылдарға созылған бабаларымыздың тарихи сабақтастығының айқын көрінісі деп білеміз. Және де, бұл қазақ халқының тарихи нарративтің, әлемдік тарихи процесстерде өз орны бар екендігінің белгісі.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Пилипенко А.А., Яковенко И.Г. Культура как система. М., 1998;
2. Лессинг Г. Э. Лаокоон, или о границах живописи и поэзии. М.: Государственное издательство художественной литературы, 1957. 288 с.;
3. Лосев А. Ф. Художественные каноны как проблема стиля // Вопросы эстетики. М.: Искусство, 1964. Вып. 6. С. 351-399;
4. Лосев А. Ф. О понятии художественного канона // Проблемы канона в древнем и средневековом искусстве Азии и Африки. М.: Наука, 1973. С. 6-15;
5. Баешко Л. С., Гордиенко А. Н. Энциклопедия символов. – М.: Смоленск, 2007;
6. Гребенникова, Н.С. Вселенная мифа: учеб. пособ. – Горно-Алтайск, 2004
7. Альбом. Алматы: “Өнер”, 2005. 11 с.;
8. Власов В.Г. Герой // Власов В. Г. Новый энциклопедический словарь изобразительного искусства в 10 Т. Том 3: Г-З. СПб. 2005. С. 146-147.